Accessibility links

Алматыда терезеден секірген әйел жәрдемақыға өтініш бергенмен тілегі орындалмаған


Қайғылы оқиға болған орын. Алматы, 23 қараша 2021 жыл.
Қайғылы оқиға болған орын. Алматы, 23 қараша 2021 жыл.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы екі күн бұрын Алматыда үш баласымен бірге тоғызыншы қабаттан құлап, қаза болған Бақтыгүл Қыдырбаеваның бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бергенін растады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, күйеуі Нұрсұлтан Оразов көлігін сатқандықтан Қыдырбаеваның жәрдемақы жөнінде өтініші орындалмаған. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Жанат Өтебаева хабарлады.

Басқарма ақпаратына қарағанда, 2021 жылдың мамыр және маусым айларында Қадырбаеваға 225 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілген. Ал қазан айында қайта өтініш түсірген кезде өтініші орындалмаған.

"29 қазанда атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берілді, бірақ өтініші орындалмады. Күйеуі Нұрсұлтан Оразов шілдеде Toyota Carina көлігін сатқан, сол себепті отбасыға кіретін табыс жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан (25 731 теңге) асып кеткен" деді Жанат Өтебаева.

Ақпаратқа қарағанда, Нұрсұлтан Оразов жұмыссыз ретінде тіркелмеген және Шымкенттің жұмыспен қамту орталығына да көмек сұрап бармаған. Қазір Алматыдағы ірі базарлардың бірінде жұмыс істейді.

Бұрын Шымкентте тұрған Бақтыгүл Қыдырбаева Алматыда тамыздан бері уақытша тіркеуде болған. Бір күн бұрын Алматы қаласының әкімдігі өкілдері Қыдырбаеваның жәрдемақыға өтініш бермегенін айтқан.

22 қарашада Алматы полициясы бір әйел үйдің тоғызыншы қабатынан үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен деп хабарлаған. Қайғылы оқиға Жетісу ықшам ауданында болған. 28 жастағы әйел мен оның алты, бес және екі жастағы үш баласы көз жұмған.

Оқиғаға нақты не түрткі болғаны белгісіз. Полицияға оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болуы мүмкін деп болжайды. "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, оқиға себебі мен жай-жапсарын анықтау үшін жедел тергеу тобы құрылған.

Марқұмның туыстары Өзбекстанда туған, бала кезінде әке-шешесімен бірге Қазақстанға көшіп келіп, осында оқыған 28 жастағы Бақтыгүл Қыдырбаеваны "мінезі жайлы, ашық қыз" болған деп сипаттайды. Олар әйел "тұрмыстық қиындыққа бола ғимараттан секірді" деген болжамға күмәнмен қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG