Accessibility links

Кузбастағы шахтада қаза болғандар көбейді, арасында құтқарушылар да бар


Кемерово билігі "Листвяжная" шахтасындағы кеншілерді іздестіріп жатқан үш құтқарушының қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл жөнінде Кемерово облысының губернаторы Сергей Цивилев хабарлады.

Бұған дейін бірнеше адамнан құралған құтқарушылар тобының байланысқа шықпай қалғаны айтылған. Mash Siberia телеграм арнасының жазуынша, оларда төрт сағатқа жететін оттегі баллондары болған.

Ресейдің Кемерово облысы Белов қаласындағы көмір шахтасында бейсенбі күні түтін жайылған. ТАСС агенттігі дереккөзінің хабарлауынша, вентиляциялық ұңғымада көмір тозаңдары жанып, соның салдарынан бүкіл шахтаны түтін басқан. Жарылыс болмаған.

Соңғы ақпаратқа қарағанда, оқиғадан 11 адам қаза болып, 49 кенші зардап шеккен. Билік 35 шахтердың із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.

Оқиға болған кезде шахтада кемі 285 адам болған, 239-ы эвакуацияланған. Жарылыс қаупіне байланысты құтқару операциясы тоқтатылған. Төтенше жағдай министрлігінің аймақ басқармасы шахтада метан мен көмірсутек қышқылының концентрациясы анықталғанын айтты.

Тергеу комитеті өнеркәсіп қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына байланысты іс қозғады.

2021 жылы Ростехнадзор шахтаның жұмысынан 140 заңсыздық анықтаған. ТАСС агенттігінің жазуынша, кен орнында вентиляция жүйесі мен өрттің алдын алу шараларына байланысты ережелер орындалмаған.

"Сибирь.Реалии" сайтының жазуынша, былтыр "Листвяжная" шахтасында Ростехнадзор 18 заңсыздық (шахтада газ тозаң режимін автоматты түрде үздіксіз бақылау жүйесінің жоқтығы және тағы басқа) анықтаған. Алайда қадағалау органы ескертудің орындалу барысын бақыламаған. Тексеру кезінде шахтаның кейбір жерінде өрт сөндіретін құралдар жоқ екені, метанды бақылайтын датчик газ мөлшері қалыпты нормадан екі есе асқан кезде ғана істейтіні анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG