Accessibility links

Тәжікстанда күштік құрылым өкілдерінің қолынан бір адам қаза болғаннан кейін жұрт наразылық білдірді


Облыс әкімдігінің алдына қаза болған ер адамның мәйітін әкелген наразылар. Хорог, 25 қараша 2021 жыл.

25 қарашада Тәжікстанның Хорог қаласында ондаған адам наразылық акциясына шықты. Таулы Бадахшан облысы әкімдігінің алдына жиналған жұрт күштік құрылым өкілдерінің қолынан қаза болған 29 жастағы Гулбиддин Зиебековтің өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. Одан бөлек, Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі алдына да жүздеген адам жиналып, қарсылық акциясын өткізді.

Оқиға 25 қарашада таңертең болған. Прокуратура өкілдері Шоғдар ауылында "бір адамды кепілдікке алды және ұлттық алауыздық қоздырды" деп айыпталып, іздеуде болған Гулбиддин Зиебековті ұстау бойынша операция жүргізілгенін растады.

"Операция барысында ол қарумен қарсыласып, заңсыз иеленген Макаров пистолетінен оқ атты. Қылмыскерге қарсы жақтың оғы тиді" делінген прокуратура хабарламасында.

Кейбір куәгерлердің айтуынша, Гулбиддин Зиебековтің басына оқ тиіп, Шоғдардан Хорогқа кетіп бара жатқан жолда қаза болған. Аты-жөнін атамаған шенеуніктердің бірі күштік құрылымдар Зиебековті 2020 жылы прокуратура өкілінің соққыға жығылуына байланысты ұстамақ болғанын айтты. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, "Зиебеков пен бірнеше жігіт 2020 жылы 1 ақпанда аудан прокурорының көмекшісін кепілге алып, сегіз сағат бойы қинап, ұрып-соққан". Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Зиебеков бұл іс бойынша жауап бермеген.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Зиебеков пен бірнеше жігіт прокуратура өкілін ауылдағы қыздардың біріне интимдік қатынас ұсынғаны үшін ұрып-соққан.

Озодлик радиосы дереккөзінің хабарлауынша, іс бойынша тергеу амалдары Таулы Бадахшан автономиялық облысына жаңа басшы тағайындалғаннан кейін қайта жалғасқан. Редакция сүйенген видеоларға қарағанда, 25 қарашада Хорогтағы облыс әкімдігі алдына жиналғандар Зиебековтің өліміне аймақ басшысы Әлішер Мирзонаботты кінәлаған.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, әскери прокуратура оқиғаны тексере бастаған. Қазір операцияға қатысқан күштік құрылымдар тергеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG