Accessibility links

Шымкентте Арон Атабекпен қоштаспақ болған белсенділер полиция кедергісіне ұшырағанын айтты


Шымкенттегі орталық саябақта қаз-қатар тізіліп тұрған полиция көліктері. Көрнекі сурет.
Шымкенттегі орталық саябақта қаз-қатар тізіліп тұрған полиция көліктері. Көрнекі сурет.

26 қараша күні Шымкентте "Қасірет" мемориалына жиналып, екі күн бұрын қайтыс болған диссидент, ақын Арон Атабекпен қоштаспақ болған белсенділердің үйін полиция күзетіп, сыртқа шығуына мүмкіндік бермеген. Ал кейбірін мемориал алдынан ұстаған. Бұл туралы Азаттыққа белсенділер хабарлады.

Белсенді Қалқаман Омардың сөзінше, Арон Атабекті жерлеген күні екі адам "Қасірет" мемориалына барып, марқұмға құран бағыштағысы келген. Бірақ жеткен бойда полиция ұстаған.

- Бізді көргеннен-ақ полиция дедектетіп әкетті. Қаратау аудандық полиция басқармасына алып барып, саусақ іздерін алды, суретке түсірді, түсініктеме алды. "Арақ ішіп алғансыңдар" деді. Наркологиялық диспансерге алып барып анализ алды. Түк таппаған соң түсте үйге әкеп тастады, - дейді ол.

Ал азаматтық белсенді Айжан Жолдасованың айтуынша, таңертеңгі сағат 10:00-де бір топ белсенді "Қасірет" мемориалының алдында жиналып, қашықтан Арон Атабекпен қоштаспақ болған. Бірақ үйінен шығып бара жатқанда учаскелік полицей ұстаған.

– Біздің еркін жүріп-тұру құқығымыз бұзылып жатыр, – дейді ол.

Шымкенттік кей белсенділердің үйін полиция әлі торуылдап тұр. Бірнеше белсенді Алматыға Арон Атабекті ақтық сапарға шығаруға атсалысуға кеткен.

Шымкент қалалық полиция департаменті белсенділердің шағымына байланысты әзірге түсініктеме бермеді.

68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. 26 қарашада оның денесі жер қойнына тапсырылды.

Диссидент "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған. Ол 1 қазанда денсаулығына байланысты қамаудан босатылған. Атабек өзіне тағылған айыппен келіспей, жылдар бойы толық ақтауды талап еткен. Ол түрмеде шыққаннан кейін бір топ белсенді мен саясаткер Арон Атабекті қорғау комитетін құрып, халықаралық сотқа шағымданып, Арон Атабектің ісін қайта қарауға қол жеткізуге күш салатынын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.

Видео: Арон Атабектің күрес жолы: Желтоқсан, Мәскеу, Шаңырақ, түрме. (25 қараша 2021 жыл).

Арон Атабектің күрес жолы: Желтоқсан, Мәскеу, Шаңырақ, түрме.
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG