Accessibility links

Хорогтағы толқу. Тәжік күштік құрылымдары бір адамды өлтірген соң халық наразылыққа шықты


Тәжікстанда күштік құрылым өкілдерінің қолынан бір адам қаза болғаннан кейін жұрт наразылық білдірді. Наразылар марқұмның денесін әкімдік алдына алып келді. 25 қараша 2021 жыл.
Тәжікстанда күштік құрылым өкілдерінің қолынан бір адам қаза болғаннан кейін жұрт наразылық білдірді. Наразылар марқұмның денесін әкімдік алдына алып келді. 25 қараша 2021 жыл.

Тәжікстанның Хорог қаласындағы наразылық кезінде кемі екі адам қаза болып, оннан аса адам жараланды. Жараланғандар арасында полицейлер мен прокурорлар да бар. Наразылыққа күштік құрылым өкілдерінің күдіктіні өлтіруі түрткі болды. Тәжікстанда не болып жатыр?

ОҚИҒАНЫҢ АНЫҚ-ҚАНЫҒЫ

25 қарашада тәжік күштік құрылымдары Таулы Бадахшан облысы Шохдар ауылында арнайы операция ұйымдастырып, осы ауылдың тұрғыны Гулбиддин Зиёбековті өлтірген. Осыдан соң жүздеген адам Хорогтағы Таулы Бадахшан облысы әкімдігінің ғимаратының алдына жиналып, Зиёбековті өлтірген күштік құрылым өкілдерін жазалауды талап етті.

Жұрт күштік құрылымдар Зиёбековті өлтірмей ұстауы керек еді деп санайды. Наразылар күштік құрылымдардың қатігездігіне қарсы. Олар 2012 жылғы оқиға қайталана ма деп қауіптенеді. 2012 жылы Тәжікстанда күштік құрылымдардың арнайы операциясы кезінде, ресми дерек бойынша, 23 әскери және 21 тұрғын қаза болған еді.

Наразылар 25 қарашада Зиёбековтің мәйітін әкімдік алдына алып келген. Жұрттың наразылығы 26 қарашада да жалғасты. Кейбірі әкімдік алдында түнегендерін айтты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің дереккөздері 25 қарашада наразылар мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс болғанын айтқан. Дереккөздердің сөзінше, наразылық кезінде екі адам қаза тауып, он шақты адам жараланған. Тәжікстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті телеарна арқылы Хорогтағы наразылық кезінде күштік құрылымның бес қызметкері жараланғанын мәлімдеді.

Хорогтағы наразылық. 25 қараша 2021 жыл.
Хорогтағы наразылық. 25 қараша 2021 жыл.

Жергілікті билік пен наразылар арасында қандай да бір келіссөз жүрген-жүрмегені қазірше белгісіз.

Мәскеуде де жүзге жуық адам Тәжікстан елшілігі алдында наразылық білдірді.

Облыс прокуратурасы Шохдарда Зиёбековті ұстау операциясы болғанын растап, ол "топ құрып адамды кепілге алды", "ұлтаралық, діни араздықты қоздырды" деген күдікпен іздеуде жүрген деп мәлімдеді.

Күштік құрылымдардың операциясы кезінде Зиёбековтің жанында болған Гүлназар Муродбеков алған жарақатынан 26 қарашада көз жұмғаны белгілі болды.

Тәжікстан билігі халықты "заңсыз әрекеттерге бармауға" шақырды.

НАРАЗЫЛЫҚҚА ТҮРТКІ БОЛҒАН ҰСТАУ ОПЕРАЦИЯСЫ

Таулы Бадахшан облысы прокуратурасы Зиёбеков күштік құрылым өкілдеріне қарсылық көрсетіп, "Макаров" тапаншасынан оқ атты дейді. Прокуратура күштік құрылымдардың жауап ретінде атқан оғынан Зиёбеков жараланды деп отыр.

Бірақ Зиёбековтің жақындары прокуратураның мәлімдемесін жоққа шығарып, оның ешқандай да қарсылық көрсетпегенін айтады. Куәгерлердің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне Зиёбековтің басына оқ тиіп, Шохдардан Хорогқа бара жатқан жолда жан тапсырғанын жеткізген.

Прокуратураның мәліметінше, Зиёбеков 2020 жылы 1 ақпанда бір топ адаммен Рошткала ауданы прокурорының көмекшісі А. Абирзоданы кепілге алып, "8 сағат бойы ұрып, қинаған".

Ал Рошткала тұрғыны Азаттықтың Тәжік қызметіне Зиёбековтің прокуратура қызметкерін тек соққанын айтқан. Оның сөзінше, прокурордың көмекшісі ауылдағы әйелдердің біріне жыныстық қатынасқа түсуді ұсынған. Жергілікті жастардың прокурорды қалай сұрақтың астына алып, осы жайт жайлы сұрап жатқан видеосы интернетке де тарап кетті.

"Сол кезде жергілікті басшылық мәселені бейбіт түрде шешкен еді. Прокурор видео арқылы Бадахшан тұрғындарынан кешірім сұраған" деді Рошткала тұрғыны.

МӘСКЕУДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

25 қарашада Ресейде жүрген Таулы Бадахшан тұрғындары да Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі алдына жиналып, күштік құрылымның әрекетіне наразылығын білдірді.

Мәскеу полициясы елшілікке апарар жолды жапқанын хабарлады. Ұсталғандар жайлы ақпарат жоқ.

Елшілікке келген наразылардың бірі Ораз Вазирбеков Азаттықтың Тәжік қызметіне "елшіліктен жөні түзу жауап алмағандарын, наразылықты жалғастыратындарын" айтқан.

Мәскеудегі наразылық. 25 қараша 2021 жыл.
Мәскеудегі наразылық. 25 қараша 2021 жыл.

"Екі сағат бойы Тәжікстанның елшісі [Давлатшо Гулмахмадзодамен] сөйлестік. Хорогтың екі тұрғынының өліміне жауапты күштік құрылым өкілдерінің жазалануын талап еттік. Хорогқа кіре берістегі блокпосты алып, ұялы байланысты қалпына келтіруді де талап еттік. Егер талап орындалмаса наразылық жалғасатынын да ескерттік" деді ол.

Мәскеудегі елшілік алдындағы наразылыққа келгендердің бірі Хорогта интернет пен ұялы байланыс сөндірілгенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG