Accessibility links

"Бір күн демалыс жоқ". Шымкентте театр қызметкерлері еңбек жағдайына шағымданды


Еңбек дауына байланысты наразылық білдіріп тұрған театр қызметкерлері. Шымкент, 26 қараша 2021 жыл.
Еңбек дауына байланысты наразылық білдіріп тұрған театр қызметкерлері. Шымкент, 26 қараша 2021 жыл.

26 қарашада кешке Шымкентте қуыршақ және жасөспірімдер театрының оннан аса қызметкері наразылық білдірді. Олардың айтуынша, еңбек дауына байланысты жарты жылда жиырмадан аса адам жұмыстан шыққан, демалыс қысқарып, қойылымдардың сапасы, мән-мағынасы нашарлаған.

Демалыссыз жұмысқа жегілгенін айтқан дыбыс операторы Нұрғали Тұрлыбек жұмыстан шығуға мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Ол әр маман өз жұмысын істеу керек деп есептейді.

- Мысалы, мен дыбыс операторымын. Бірақ жарық берушінің де жұмысын қосып істеймін. Бұл үшін ақы алмаймын. Міне, қараңыз, жұмыс кестесінде бір күн демалыс жоқ. Соңғы кезде бала-шағама қарауға уақыт қалмады, - дейді ол ашынып.

Театрға жиналған оннан аса адамның әрқайсының жұмыс өтілі он жылдан асады. Олар соңғы жарты жылда кәсіби 24 адамның жұмыстан шығып кетуіне жаңадан келген басшыны кінәлайды. Бір жылда дайындалатын алты қойылымды жарты жылда дайындатып, сапасын түсірді деп айыптайды.

30 жылдан бері қуыршақ театрында жұмыс істеген актриса Толқынай Өмірзақованың пікірінше, даудың басы қуыршақ театрына жасөспірімдер театрын қосудан басталған. Қазір драмалық қойылымдар көбейген. Керісінше қуыршақ жасайтын мамандардың өзі азайып кеткен. Ол қуыршақ театры жабылып қала ма деп те алаңдайды.

- Жарты жылда 4 қойылым дайындадым. Бәрі мәнсіз, мағынасыз шықты. Қанша айтсам да драмаға қуыршақ театрының заттарын пайдаланды. Бұрын затты алдын ала дайындалған сметамен сатып алып, дайындайтын едік. Мысалы, кептілірген қойдың терісі 23 мың теңге тұрады. Оны жерге төсеп қойылым кезінде қолдану керек. Бұл жолы ақша жоқ деп арзан кеппеген тері алдырды. Онысы жарамсыз болды, - дейді қысымға шыдай алмай жұмыстан шығып кеткенін айтқан бас суретші Ақмарал Дәулетәлі.

Ал директордың міндетін уақытша атқарушы Саман Алтай бұл айыптаулармен келіспейді. Оның сөзінше, 24 адам "өз еркімен жұмыстан шыққан". "Қызметкерлердің наразылыққа шығу себебін әлі түсініп тұрған жоқпын" дейді Алтай.

Шымкент қалалық мәдениет басқармасы мен еңбек инспекциясына театрдан 32 адам бірігіп, шағымданған. Басқарма мәліметінше, бұл дауға байланысты комиссия құрылып, тексеру басталған.

Қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында 80-нен аса адам жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG