Accessibility links

Қырғызстанда парламент сайлауы басталды: Жұрт алғаш рет аралас жүйе бойынша дауыс беріп жатыр


Бішкектегі N1046 сайлау учаскесінде жұрт дауыс беріп жатыр. 28 қараша 2021 жыл.
Бішкектегі N1046 сайлау учаскесінде жұрт дауыс беріп жатыр. 28 қараша 2021 жыл.

Қырғызстанда жексенбі, 28 қарашада таңертең сайлау учаскелері ашылып, жұрт біртіндеп дауыс бере бастады. Жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-де елде 2435 сайлау учаскесі ашылған. Шетелде жүрген қырғыз азаматтары сол жақта ашылған 59 сайлау учаскесінен дауыс береді.

Бішкекте жүрген Азаттық тілшісі қаладағы ең ірі сайлау учаскелерінің бірі N1046 учаскеге барды. Онда екі электронды жәшік қойылған: бірі бір мандатты округ бойынша сайланатын, екіншісі саяси партия тізімі бойынша сайланатын үміткерлерге арналған. Бірақ партия тізімі бойынша сайланатын үміткерлерге арналған электронды жәшік істемегендіктен жұрт дауыс беру үшін біраз күтіп тұрды. Сайлау учаскесінің өкілі "жәшікті істету үшін біраз уақыт қажеттігін" алға тартты. Ізінше электронды жәшіктің орнына кәдімгі әйнек жәшік қойылып, жұрт қағазбен дауыс бере бастады. Учаскеде бірнеше бақылаушы бар.

Қырғызстанда сайлау алғаш рет аралас жүйе бойынша өтіп жатыр: Жогорку кеңеске 90 депутат сайланады, 54-і саяси партия тізімі бойынша, 36-сы бір мандаттық округ бойынша сайланады. Сайлаушылар белгілі бір партия үшін ғана емес, тізімдегі нақты бір кандидат үшін де дауыс бере алады.

Сайлауға 21 партия қатысып жатыр (кандидаттардың жалпы саны 1131), бір мандаттық округтерде 321 кандидат тіркелген. Бір бөлігі сайлаудан қатысудан бас тартып, ақыры 289 кандидат қалған. Елде дауыс беруге құқығы бар 3,7 млн адам бар.

Сайлау учаскелері таңертеңгі сағат 8-де ашылып, кешкі 8-де жабылады.

4-шақырылымдағы Жогорку кеңестің өкілет мерзімі былтыр қазан айында аяқталған еді. Алайда былтыр қазан айындағы наразылықтан кейін сайлау нәтижесінің жойылуы және биліктің ауысуы бір палаталы парламент депутаттарының өкілет мерзімін созған. Бастапқыда парламент сайлауы көктемге белгіленгенмен кейін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты мерзімі шегерілген.

Парламент сайлауына екі күн қалғанда Қырғызстан билігі "мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық жасады" деген күдікпен 15 шақты адам ұсталғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG