Accessibility links

Қырғызстандағы сайлаудың алдын ала қорытындысы: Билікшіл партиялар алда келеді


Дауыс санау. 28 қараша 2021 жыл.
Дауыс санау. 28 қараша 2021 жыл.

Қырғызстанда өткен парламент сайлауының алдын ала нәтижесі бойынша, Жогорку кеңешке алты партия өтті. Ақпарат құралдары бір жылдан астам уақыт ішінде төртінші рет дауыс берген Қырғызстанда аталған сайлауды белсенділігі ең төмен сайлау ретінде атады.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, Жогорку кеңешке 5 пайыздық межені бағындырған алты партия өткен:

  • "Ата-Жұрт Қырғызстан" - 16,85%
  • "Ишеним" - 13,40%
  • "Ынтымақ" - 10,74%
  • "Альянс" - 8,12%
  • "Бүтін Қырғызстан" - 6,70%
  • "Иман нұры" - 5,98%

ОСК 28 қарашада кешке бастапқыда парламентке 10 партия өткенін хабарлаған. Кейін деректер жойылып, ведомство техникалық ақау болғанын айтты. Ізінше, алты партияның парламентке өткені жөнінде ақпарат шықты. Жогорку кеңешке өткен партиялардың басым бөлігі билікті қолдайтын саяси ұйымдар.

Бір палаталы Жогорку кеңештегі 90 орынның 54-і – саяси партиялар тізімі бойынша, қалған 36-ы бір мандаттық округ бойынша сайланады. Сайлаушылар тек партияға ғана емес, партиядағы нақты кандидатқа да дауыс бере алды. Әзірге қай кандидаттың алда келе жатқаны белгісіз.

Бір мандаттық округ бойынша да дауыс беру нәтижесі біртіндеп жарияланып жатыр.

ЖАПАРОВ "САЙЛАУ ӘДІЛ ӨТТІ" ДЕЙДІ, ОППОЗИЦИЯ КҮМӘН КЕЛТІРЕДІ

Ақпарат құралдары бір жылдан астам уақыт ішінде төрт рет дауыс берген Қырғызстанда аталған сайлауды белсенділігі ең төмен сайлау ретінде атады. 28 қарашада кешке ОСК сайлауға шамамен бір миллионнан астам адам қатысқанын хабарлады. Бұл дауыс беруге құқығы бар елдегі 3,7 млн адамның 30 пайызға жуығын құрайды.

Дегенмен заңда сайлауға қатысу белсенділігіне қатысты шектеу жоқ. Яғни, қанша адам қатысса да сайлау өткен болып есептеледі.

Оштағы сайлау учаскелерінің бірі. 28 қараша 2021 жыл.
Оштағы сайлау учаскелерінің бірі. 28 қараша 2021 жыл.

Сайлаушылар белсенділігі төмен болатындығы жөнінде болжам бұған дейін де айтылған. Президент Садыр Жапаров 26 қарашада әкімдерге сайлаушыларды дауыс беруге "жетектеп әкелуді" тапсырған.

Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда заңсыздықтар тіркелгенін мәлімдегеніне қарамастан президент Садыр Жапаров 28 қарашада кешке сайлау учаскелері жабылғаннан кейін "парламент сайлауы әділ, заңға сәйкес өтті. Алдағы бес жылда сіздер сайлап берген депуттармен бірге Қырғызстанды дамытуға жұмыс істейміз" деп мәлімдеді.

Ал оппозициялық "Бүтін Қырғызстан" партиясының жетекшісі Адухан Мадумаров сайлау нәтижесіне күмән келтірді.

"Сайлаушылардың қатысу белсенділігі төмен болса төрт партия миллионнан астам дауысты қайда алды? Билікке жақын төрт партияның жинаған дауысын санасаң, миллионнан асып кетеді. Ешкім танымайтын, жаңа партиялардың дауысты қалай жинағанына таңғалып жатырмын. Жұрт олар жайлы білмейді. Халық қалай дауыс беруді түсіне алмады. Партияға емес, кандидаттарға дауыс берген. Ауылдардан бұл жүйені түсінбей, бізге хабарласқандар көп болды. Іс осылай басталған болса, арты жаман болады" деді.

Қырғызстандағы парламент сайлауы қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Парламентке өте алмаған "Ата-мекен" партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев та сайлау нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеді.

Жексенбі күні Қырғызстанда барлығы 2435 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Одан бөлек, әлемнің 29 елінде қырғыз азаматтары сол жақтағы 59 сайлау учаскесінен дауыс берді. Оның 20-сы қырғыз мигранттары көп шоғырланған Ресейде орналасқан.

Сайлауды бақылаған "Клоп медиа" ұйымы кешкі сағат 19:00 шамасында сайлауда 357 заң бұзушылық тіркегенін хабарлады. Дауыс сатып алу, сайлау учаскесінде кандидаттарды насихаттау, дауыс берушілер мен бақылаушыларға қысым көрсету сияқты әрекеттер жиі ұшырасқан. Ішкі істер министрлігіне түскен 15 шағым тексеріліп жатыр. Дауыс сатып алу бойынша жеті іс сотқа жіберілген.

Парламент сайлауына екі күн қалғанда Қырғызстан билігі "мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық жасады" деген күдікпен 15 шақты адам ұсталғанын хабарлаған. ҰҚМК "қылмыстық топ" деп атаған топ жетекшілерінің арасында Жогорку кеңеш депутаттары мен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер бар.

Күштік құрылымның айтуынша, "аталған топ парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін жекелеген саяси күштердің қолдауына сүйене отырып, Бішкек аумағында жаппай наразылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлаған, жағдайды қолдан ушықтырып, билікті күшпен басып алуға әзірлік жасаған". Әзірге күдіктілердің аты-жөні белгісіз.

Сыншылар президент Садыр Жапаров саяси оппоненттерін қудалап, өз билігін нығайтып, алдыңғы басшылардың қателіктерін қайталап отыр деп санайды.

Бұған дейін елде Жапаровтың бастамасымен президенттің өкілетін кеңейтетін жаңа Конституция қабылданған. Өткен айда ол министрлер кабинетін таратып, премьер-министр мен президент әкімшілігі жетекшісінің қызметін бір қылған.

Жаңа Конституцияға сәйкес, парламенттің өкілеті қысқарып, сот жүйесіне президенттің ықпалы артты.

6-шақырылымдағы Жогорку кеңестің өкілет мерзімі былтыр қазан айында аяқталған еді. Алайда былтыр қазан айындағы наразылықтан кейін сайлау нәтижесінің жойылуы және биліктің ауысуы бір палаталы парламент депутаттарының өкілет мерзімін созған. Бастапқыда парламент сайлауы көктемге белгіленгенмен кейін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты мерзімі шегерілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG