Accessibility links

"Омикрон" штамынан сескенген Қазақстан да шетел азаматтарын шектеп кіргізуді ұйғарды


Қазақстан үкіметі коронавирустың жаңа штамы - "Омикронды" кіргізбеуге арналған шараларын жариялады.

Үкіметтің 30 қарашада өткен отырысында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов 3 желтоқсаннан бастап ОАР, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Танзания және Гонконг азаматтарының Қазақстанға кіруіне шектеу қойылатынын хабарлады.

Коронавирустың "Омикрон" штамы табылған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада, Египеттен келетін азаматтардан ПТР тест талап етіледі және тест нәтижесіне қарамастан 7 күнге оқшауланады. Египетпен әуе қатынасы тоқтатылады.

- Египеттен келетін жолаушылар көптігін (қарашада 13 мың адам келген) ескере отырып, бұл елмен әуе қатынасы тоқтатылатын болды, – деді Марат Шоранов.

Коронавирустың "Омикрон" штамы таралуына байланысты көптеген елдер шекараларын жауып, шетел азаматтарын кіргізуді шектей бастады.

Алғашқы зерттеулерге қарағанда жаңадан пайда болған "Омикрон" штамы бұрынғы штамдардан әлдеқайда тез жұғуы, оған вакцина да қарсы тұра алмауы мүмкін.

Жаңа штамм ОАР мен Ботсванадан ғана емес, Ұлыбритания, Израиль, Австралия, Гонконг және Еуропа одағының бірқатар елдерінен де шықты.

Медиктер мен вирусологтар "Омикрон" бұрынғы штамдардан қауіпті ме, әлде олардан жеңілірек пе, оған вакцина әсер ете ме, жоқ па деген мәселеге байланысты әзірге нақты қорытынды жасаған жоқ. Ол үшін әлі де бірнеше апта керек. ОАР-дан жеткен алғашқы мәліметтерге қарағанда, бұл штамм бұрынғыларынан өзгерек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG