Accessibility links

Мирзияевтің "қарқынды 40 күн" ұраны өзбек мұғалімдерін жаппай көшет отырғызуға мәжбүрледі


Мектеп ауласына көшет отырғызып жүрген өзбек мұғалімдері
Мектеп ауласына көшет отырғызып жүрген өзбек мұғалімдері

Өзбекстанның Қашқадария облысы мектебінің мұғалімдері мен бала-бақша тәрбиешілері жаппай көшет отырғызуға шығарылған. Білім басқармасы мұғалімдердің ағаш егіп жүрген сәтін премьер-министрдің орынбасары Шухрат Ғаниев тікұшаққа мініп, әуеден бақылайтын болады деп ескерткен. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Мұғалімдер мен мектеп директорлары премьер-министр орынбасарының тікұшағы көкте көрінбесе де өз ақшаларына көшет сатып алып, мектеп ауласына отырғызған.

Облыс әкімшілігінің Telegram-арнасындағы хабарда "облыс басшысының "бұйрығымен" жаппай көшет отырғызылады" деп жазылған.

"Құрметті сала басшылары! Ертең 25.11.21, премьер-министрдің орынбасары Шухрат Ғаниев сектор жетекшілерімен бірге өңірді әуеден шолады. Осыған байланысты барлық мекемелер мен ұйымдар ағаш отырғызуға өте белсенді кірісуге тиіс! Дереу көшет дайындаңыздар! Бұл облыс хокимінің жеке тапсырмасы", – дейді облыс әкімшілігінің хабарламасында.

Алайда 25 қарашада кәсіпорындар мен ұйымдардан өзге облыстағы барлық мектептер мен балалар бақшалары да жаппай ағаш отырғызуға шығарылған.

2 қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жалпы ұлттық "Яшил макон" ("Жасыл мекен") бағдарламасын жүзеге асыру қажеттігін айтып, ағаш егудің "қарқынды 40 күнін» жариялады (10 желтоқсанға дейін). Бұл жоба бойынша жылына 200 миллион түп көшет отырғызылып, қалалардағы жасыл желек қазіргі 8%-дан 30%-ға дейін көбеюге тиіс.

Өзбекстан тарихында мұндай науқандар бұрын да болған. Алайда көшеттің көбі су мен күтім жетпей өліп қалған еді. Оған қарамастан Ташкент пен Өзбекстан облыстарында көп жылдық ағаштар аяусыз кесіліп жатыр. Биыл қарашаның бас кезінде қалың шаң көтеріліп, Сырдария облысы мен Ташкентті басып қалғанын өзбек қоғамының белсенділері ағаштарды жаппай кесудің нәтижесі деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG