Accessibility links

Алматы соты Құлыбаевтың компаниясына өткен жерді қайтарудан бас тартты


Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа "қарайтын" "Enterprise Development Group" компаниясы салатын болашақ тұрғын үй кешенінің орны. Алматы, 7 маусым 2021 жыл. (Скриншот).
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа "қарайтын" "Enterprise Development Group" компаниясы салатын болашақ тұрғын үй кешенінің орны. Алматы, 7 маусым 2021 жыл. (Скриншот).

29 қарашада Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Сәуле Басқанбаева қала құрылысын бақылау басқармасының шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы vlast.kz сайты жазды. Сот шешімін даулы жерге салынып жатқан құрылысқа қарсы жергілікті тұрғындар да хабарлады.

Қала құрылысын бақылау басқармасы әкімдікті және "Enterprise Development Group", "КИТ Групп", "Кипрос" компанияларын сотқа берген. Шағымда 2003 жылы республикалық акушерлік және гинекология орталығының аумағынан бөлінген жер телімі "КИТ Групп" компаниясының иелігіне заңсыз өткені жазылған. Бұл факті ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстары комитеті тексерісінен кейін анықталған.

Басқарма әкімдік пен жердің алғашқы иесі "КИТ Групптың" арасындағы сату-сатып алу шартын заңсыз деп тануды сұраған. Кейін жер "Enterprise Development Group" компаниясына өткен. Олар аумағы 8288 шаршы метр учаскеге қазір қымбат тұрғын үй салып жатыр.

Аталған компаниялардың барлығы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен байланысты. Кейбірін жеке өзі, енді бірін серіктестерімен бірге басқарады.

"Enterprise Development Group" ЖШС-ның заңгері "жерді иеліктен шығарған әкімдік, сол себепті жер кодексінің 39-бабының 2-тармағы бұл істе қолданылмайды" деп мәлімдеді. 2003 жылдан бері ешқандай шағым түспегенін айтты.

Тараптарды тыңдаған сот қала құрылысын бақылау басқармасының шағымын кері қайтарды. Жарыссөз аяқталып, үкім оқыла бастағанда видеоайбайланыс тоқтап қалған. Журналистер мен мүдделі тұрғындар онлайн отырысқа қайтып қосыла алмаған.

Бұған дейін республикалық акушерлік және гинекология орталығының қасында тұратын тұрғындар "мемлекеттен заңсыз жекешелендірілген аумақтағы құрылысқа қарсымыз" деп бірнеше рет наразылық өткізген. Аумаққа кіретін арнайы жол жоқ болғандықтан ауыр жүк көліктері медицина мекемесінің аумағынан өтіп жүргеніне шағынған.

Даулы жер Құлыбаев компанияларының иелігіне өткен 2003 жылы Алматы қаласын Виктор Храпунов басқарған. Оны Қазақстан соты жемқорлық, ақша жымқыру айыптарымен ұзақ жылға сырттай соттаған. Бірнеше жылдан бері Швейцарияда тұратын Храпунов былтыр сол елден саяси баспана алған.

Биыл жазда Алматы әкімдігінің жоспарлау және урбанистика басқармасы Достық көшесі 125/1 мекенжайында салынып жатқан жоғары класты тұрғын үй кешенінің сәулет-жобалау тапсырмасы мен эскиз жобасының күшін жойған. Бұл – құрылыс салуға рұқсат беретін құжаттар. Жердің иесі және құрылыс жүргізіп жатқан компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG