Accessibility links

Сенат қылмыстық жауапқа тартылғандарға рақымшылық жасайтын заңды мақұлдады


Сенат отырысы. Нұр-Сұлтан. 2 желтоқсан 2021 жыл.
Сенат отырысы. Нұр-Сұлтан. 2 желтоқсан 2021 жыл.

Бейсенбі, 2 желтоқсанда парламент сенаты "Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын мақұлдады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, бұл заң бойынша аса ауыр емес және орта дәрежедегі қылмыспен сотталған мыңға жуық тұтқын бостандыққа шығады.

"Ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға рақымшылық жасалады" деді сенат отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін министр рақымшылыққа 2236 тұтқын мен пробация бақылауындағы 11 310 адам ілінетінін айтқан. Сотқа жетпеген 5 мың қылмыстық іс қысқарады, 1674 адам қылмыстық жазадан босатылады, 1471 адамның жазасы қысқартылады немесе шартты жазаға ауыстырылады.

Ресми мәлімет бойынша, елде 34 мың адам 64 түзеу мекемесі, 16 тергеу изоляторында қамауда отыр. 30 мың адамға сот үкімі шыққан, қалғаны тергеліп жатыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы бұрын да бірнеше рет сотталған. 32 мың адам пробациялық бақылауда.

Заң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған соң күшіне енеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG