Accessibility links

Пэн Шуайдың өміріне алаңдаған WTA Қытайдағы теннис турнирлерін тоқтатты


Пэн Шуай.
Пэн Шуай.

Қытай теннисшісі Пэн Шуайдың өміріне алаңдаған Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) Қытай аумағындағы, соның ішінде Гонконгтегі теннис турнирлерін уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Бірнеше апта бұрын қытай теннисшісі көпшілікке көрінбей кетті. Оның алдында ғана ол Қытайдың жоғары лауазымды бір шенеунігін зорлады деп айыптаған.

Қауымдастық басшысы Стив Саймон теннисшінің тағдырына алаңдайтынын, қытай билігінің "Шуайдың жағдайы жақсы" деген сөздеріне сенбейтінін бірнеше мәрте қайталаған.

"Пэн Шуай еркін сөйлесе алмайды, соған қарағанда, оған қысым жасалып жатса керек", дейді Саймон. WTA басшысының айтуынша, қауымдастық теннисшінің қайда екенін әлі күнге дейін біле алмай отыр. Саймон теннисші айтқан жайттарды әділ зерттеуді талап етті.

35 жастағы Пэн Шуай бұрынғы вице-премьер Чжан Гаолиді зорлады деп айыптады. Қытай билігі теннисші дін аман екенін мәлімдеген. 21 қарашада Қытай билігі Пэн Шуайдың Пекинде өткен бір турнирге қатысқаны жөнінде видео таратты. Алайда журналистер немесе жанкүйерлер онымен тілдесе алмады.

Бұған дейін ҚХР коммунистік партиясының жоғары лауазымды басшыларын ешкім зорлық жасады деп айыптаған емес. Пэн Шуай сөз бостандығы қатты шектелетін Қытайда жоғары лауазымды шенеунікті айыптаған алғашқы адам.

Пэн Шуай – WTA турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, жұппен ойнау кезінде әлемнің бірінші ракеткасы болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG