Accessibility links

Батыс Қазақстан облысының әкімі: Пікір айту еркіндігін тұншықтырмаймыз


Оралдағы рұқсат етілген митинг. 28 ақпан 2021 жыл.
Оралдағы рұқсат етілген митинг. 28 ақпан 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев аймақта пікір айту еркіндігі және азаматтардың бейбіт жиналу құқығы тапталмайтынын айтты.

Облыс орталығы Орал қаласында жергілікті билік 12 айға жуық уақыт ішінде екі наразылық акциясын өткізуге рұқсат берген: ақпанда айында бір митинг пен қарашада бір пикет өткізу туралы өтініш орындалған. Билік көп жағдайда карантин талаптарын алға тартып, өтініштердің көбін орындаудан бас тартқан. Ал қалада бұл кезде көптеген қоғамдық шаралар шектеулерге қарамастан өткен.

Азаттық тілшісі БҚО әкімінен Орал тұрғындарының билікті сынап, акция өткізуіне әдейі мүмкіндік берілмей ме деп сұраған кезде шенеунік "жоқ" деп жауап берді.

- Шаралардың өтуіне байланысты шектеу болуы мүмкін. Бірақ Оралда [азаматтардың пікір айту еркіндігін] тұншықтырмайды. Ақпан айының соңында кез келген адамға пікір айту мүмкіндігі берілген жақсы митинг өтті. Орал жабық қала емес, - деді Есқалиев.

Азаттық тілшісі Орал қаласында жеті айда тұрғындар митинг өткізуге 40 рет өтініш беріп, бірде-бірі орындалмағанын еске салды. Ғали Есқалиев облыс әкімдігі мұндай өтініштерді қарамағанын айтып, себебін түсіндіруден бас тартты. Кейін аталған мәселе бойынша тағы сұрақ қоймақ болған Азаттық тілшісінің микрофоны өшірілді.

Оралда рұқсат етілген митинг биыл ақпанның соңында өткен. Мұндай акция соңғы екі жылда алғаш рет және жеті жылда екінші рет өтіп отыр. Шарадан кейін оған қатысқан кейбір белсенділер қысым көргенін айтқан.

22 қарашада Оралда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Орынбай Оқасовқа үкім шықты. Сот оның бостандығын бір жылға шектеп, осы уақыт аралығында әлеуметтік желі пайдалануға, саяси мәселелерді қозғауға тыйым салды. Оған дейін белсенді наразылық акциясына қатысқаны үшін бірнеше рет айыппұл алған.

30 қарашада белсенділер Амангелді Оразбаев пен Маруа Ескендірова бейбіт жиынға қатысқаны үшін 20 күнге қамалды. Ескендірова биыл жазда және күзде қатарынан бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, ұзын саны 70 күн изоляторда отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG