Accessibility links

Жоғарғы сот судьясы "пара алғаны үшін" бес жылға бас бостандығынан айырылды


Мейрам Жаңғұттинов.
Мейрам Жаңғұттинов.

Нұр-Сұлтан қаласының №2 Байқоңыр аудандық соты Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Мейрам Жаңғұттинов пен Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Лиза Тұрғынбаеваға үкім оқыды. Бұл жөнінде сот ақпаратына сүйенген Informburo сайты хабарлады.

Сот Жаңғұттинов пен Тұрғынбаеваны бес жылға бас бостандығынан айырған. Екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілді.

Ақпаратқа қарағанда, Жаңғұттиновке – "алаяқтық" (190-бап), "алаяқтық жасауға оқталу" (24-бап), Тұрғынбаеваға "пара беру" (367-бап) бабы бойынша айып тағылған. Тұрғынбаева кінәсін мойындаған, ал Жаңғұттиновтің ұстанымы жөнінде ақпарат жоқ.

Сот мәліметіне қарағанда, Жаңғұттинов "Тұрғынбаевадан арадағы делдал арқылы 7 мың доллар көлемінде пара алған". Сот хабарламасында бұған қажетті айғақтар бар екені жазылып, кейбірі санамалап та көрсетілген. Айыптау тарабы Жаңғұттиновті 27 мың доллар көлемінде пара алды деп айыптаған, алайда сот бұған делдал Әбдісаттаровтың сөзінен басқа дәлел таба алмаған.

  • Мейрам Жаңғұттинов 2011 жылы жемқорлықпен айыпталған сол кездегі денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша үкім шығарған. Досқалиев 7 жылға бостандығынан айырылып, бірақ жеті айдан соң президент рақымшылығына ілініп, бостандыққа шыққан еді.
  • Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстанда 2018-2021 жылдар аралығында 60 судья қызметінен босатылған. Биыл алты ай ішінде "теріс әрекетіне" байланысты 6 судья қызметінен кеткен.
  • Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады немесе мерзімінен ерте бостандыққа шығады. Сыншылар биліктің жемқорлықпен күрес шараларын тиімсіз санайды.
  • Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG