Accessibility links

Ақтөбеде зейнеткерлер мен мүгедектердің жолақысы арзандады


Ақтөбедегі автобус паркі.
Ақтөбедегі автобус паркі.

3 желтоқсаннан бастап Ақтөбеде зейнеткерлер мен мүгедектердің жолақысы арзандады. Бұрын олар қала ішіндегі автобустарда 60 теңгеден төлейтін. Бүгіннен бастап жолақысы – 40 теңге.

- Біз бұған жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға қала бюджетінен субсидия төлеу арқылы қол жеткізіп отырмыз. Әлеуметтік маңызы бар 29 маршрутқа субсидия бөлу туралы шешімді қала мәслихаты қыркүйек айында қабылдады. Бір жылға 420 млн теңге бөлінді, - дейді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Ақтөбедегі жолаушы таситын кәсіпорындар 2016 жылдан бері бюджеттен субсидия алмаған. Тасымалға жауапты компания қожайындары қызмет сапасының нашарлап кетуін мемлекет тарапынан қолдаудың болмауымен байланыстырады. Ал автобус жүргізушілері мен кондукторлар биыл бірнеше рет ереуіл өткізіп, жалақының аздығы мен еңбек жағдайына шағым айтқан. Қала тұрғындары да автобустардың аздығы мен интервал сақтамайтынына наразы болып, желіде жиі шағынады.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың сөзінше, әкімдік бұл жайттан хабардар. Алдағы уақытта қызмет сапасын жақсарту үшін қала әкімдігі субсидия алатын кәсіпорындарға автобус паркін жаңарту, сыйымдылығы үлкен автобустарды сатып алу, интервал сақтау сияқты бірнеше талап қойған. Ақтөбедегі үш тасымалдаушының бірі – «Автопарк» серіктестігі бюджеттен бөлінген субсидия кәсіпорын шығынын ақтамайды дейді.

- «Автопарк» қазан мен қараша айында 44 млн теңге субсидия алды. Бұл қаражатты кейінгі жылдары жиналып қалған қарызымызды өтеу үшін жұмсадық. Соңғы екі айда жұмысымыздың жеңілдегені рас. Бірақ субсидия кәсіпорын шығынын толық өтемейді. Егер қосалқы бөлшек пен жанар-жағар май қымбаттап кетпесе, келер жылға біздің мекемеге 1,9 млрд теңге субсидия керек,- дейді «Автопарк» компаниясының ресми өкілі Руслан Жылқаманов.

Ақтөбе әкімдігі облыс мәслихаты құптаса, алдағы үш жылдың субсидиясын яғни, 1,3 млрд теңгені бірден бекітіп алмақ. Бұл сома қала аумағында жолаушы тасымалдайтын үш компанияға бөлінеді.

Ақтөбенің автобустарында ҰОС ардагерлері мен 1-ші топ мүгедектері бұрыннан тегін жүреді. Екінші, үшінші топ мүгедектері мен зейнеткерлерге жеңілдік бар. Бүгіннен бастап 40 теңгеден төлейтін осы топ. Өзге тұрғындар үшін жол жүру ақысы – 80 теңге.

Ақтөбеде қала ішіндегі жолаушы тасымалы үш кәсіпорынға жүктелген. Олар күніне 130-140 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG