Accessibility links

Ақ үй Байден мен Путиннің 7 желтоқсанда не туралы сөйлесетінін айтты


Владимир Путин мен Джо Байден
Владимир Путин мен Джо Байден

АҚ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки 7 желтоқсанда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин арнайы қорғалған видеобайланыс арқылы сөйлесетіні туралы БАҚ-та тараған хабарды растады. Екеудің әңгімесі Украина төңірегіндегі жағдай күрт ушыққан кезінде болғалы тұр.

АҚ үйдің хабарынша, екі президент АҚШ-Ресей қатынастарының түрлі мәселелерін, соның ішінде стратегиялық тұрақтылық, киберқауіпсіздік пен аймақ мәселелерін талқылайды.

"Президент Байден Ресей әскерінің Украина шекарасы маңындағы әрекеттері АҚШ-ты алаңдататынын және АҚШ-тың Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтады", – дейді Ақ үй хабары.

Екі президенттің видеоформатта сөйлесетінін бұған дейін Кремль хабарлаған. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Байден мен Путин виртуалды саммитте Ауғанстандағы жағдайды, Иранмен атом келіссөзі мәселесін және АҚШ-Ресей қатынастарын талқылайды деген болатын. Сенбі күні Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та екі президент мемлекет аралық қатынастарды талқылап, Женевадағы маусым саммитінде жасалған келісімдердің орындалуы туралы сөйлеседі деген еді.

Жұма күні Байденнің өзі "Америка Құрама Штаттары Украина мәселесі сөз болғанда Ресей тарапының қандай да бір "қызыл сызығын" қабылдамайтынын, Кремльдің агрессивті әрекеттерін тоқтатуға бағытталған бірқатар бастамалар қолға алып отырғанын айтқан. Бұған дейін Путин Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігі мен Украинада НАТО-ның әскери инфрақұрылымының орналастырылуын Ресей "қызыл сызық" деп санайтынын айтқан еді.

Украина қарулы күштерінің қолбасшылығы Ресей Украинамен шекарасында 94 мыңдық әскер ұстап отыр деп санайды. Кейінгі кездері АҚШ-тың әскери барлау қызметі Ресейдің әскери топтары шамамен 70 мыңға жақын, тіпті 175 мың солдат пен офицерге жетуі мүмкін деген.

АҚШ пен Германияның бірқатар БАҚ-тары барлау қызметіне сілтей отырып, алдағы қаңтар-ақпан айларында Ресей Украинағы басып кіруі мүмкін деп жазған болатын.

Барлаудың мұндай мәліметтері туралы сенбіде Украина қорғаныс министрі Алексей Резников та хабарлаған. Мәскеу "мұндай жоспарымыз жоқ, әскерімізді өз жерімізде қайда орналастыратынымызды өзіміз білеміз" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG