Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен тұрғынға пикет өткізуге рұқсат бермеді


Ақтөбелік Ольга Смирнова әйелдердің зейнет демалысына 58 жастан шығуын талап етіп тұр. Ақтөбе қаласы, 27 қараша 2021 жыл.
Ақтөбелік Ольга Смирнова әйелдердің зейнет демалысына 58 жастан шығуын талап етіп тұр. Ақтөбе қаласы, 27 қараша 2021 жыл.

Ақтөбе қаласы әкімдігі зейнет жасын төмендетуді талап етпек болған тұрғын Ольга Смирноваға екінші пикет өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Азаттыққа Ольга Смирнованың өзі хабарлады.

"Қазақстан әйелдері зейнет демалысына қазіргідей 63 жаста емес, 58 жасында шығуы тиіс" деп санайтын 57 жастағы Ольга Смирнова бірінші пикетін Ақтөбеде 27 қарашада өткізген еді. Артынша ол қала әкімдігіне хабарлама жолдап, 18 желтоқсан күні екінші пикет өткізетінін ескерткен. Бірақ қала әкімдігі Ольга Смирнованың екінші пикетіне рұқсат бермеген.

- Әкімдік "Бірінші пикет қарсаңында яғни, 24 қараша күні әлеуметтік желіде халықтан қолдау сұрап, жазба жарияладыңыз. Бұл жазбаңыз қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін еді" деп, екінші пикетке рұқсат бермей отыр. Бейбіт жиналысқа рұқсат бермеу туралы қаулы қолыма бүгін яғни, 6 желтоқсан күні кешкілік тиді. Ертең прокуратураға барып шағымданамын. Бірінші пикет кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ. Соның өзінде әкімдік "бұзылуы мүмкін еді" деп менің конституциялық құқығыма қол сұғып отыр, - дейді әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын республикалық қозғалыстың Ақтөбедегі өкілі Смирнова.

Зейнет жасын төмендету талабымен өтуі тиіс жалғыз адамдық пикетке тыйым салынғанын қала әкімдігі де растады. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбсары Айбек Көпеновтің айтуынша, бірінші пикетте Ольга Смирновадан да өзге бірнеше адам болған.

- Жалғыз адамдық пикеттің көп адамдық митингіге ұласып кету мүмкіндігі болды, - дейді Айбек Көпенов.

Азаттықтың "Болмаған нәрсе үшін адамды жазалауға бола ма?" деген сауалын қала әкімінің орынбасары Айбек Көпенов жауапсыз қалдырды.

Кейінгі жылдары денсаулығы сыр беріп жүргенін айтқан Смирнова өзін "әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс мүшесімін" деп таныстырады. Айтуынша, бұл қозғалысты Қазақстанның бірнеше қаласында тұратын жүздеген әйел қолдап отыр. Ресми тіркелмеген қозғалыс мүшелері осыған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пикет өткізіп, "Зейнетақы туралы" заңға өзгеріс енгізуді талап еткен.

Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс өкілдерінің президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған онлайн петициясына 157 мыңнан астам адам қол қойған. Петицияны қолдаушылар "Әйелдер зейнет демалысына – 58 жасында, ал мүгедек баласы бар әйелдер 55 жасында шығуы тиіс" деп санайды.

Ольга Смирнова әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен алғашқы пикетіне сырт киімінің қалтасын тігіп тастап, қызын ертіп, талабын қазақ және орыс тілінде плакатқа жазып келген. Онысын "Бақылаушы, құқық қорғаушы органдар тарапынан арандатушылар шығып, қалтама бірдеңе салып жіберер деп қорықтым. Арандатушылар рұқсат етілген пикетті заңсыз митингіге айналдырып жіберуі де мүмкін" деп түсіндірген болатын.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріле бастаған. Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан көбейеді. Бұрын әйелдер 58 жаста шықса, енді 63 жаста шығатын болады. Ал ерлер зейнетке бұрынғыша 63 жаста зейнетке шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG