БҰҰ тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбайдың құқығы бұзылғанын растады. Бірақ журналистің өзі бұл күнді көре алмай кетті. Осыдан үш жыл бұрын тамызда Шәріп Құрақбай қайтыс болған.
8 желтоқсанда "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеттің Құрақбайдың шағымына байланысты шешім шығарғанын хабарлады.
"2013 жылы соттар сол кездегі оппозициялық "Правда Казахстана" басылымының жұмысын үш айға тоқтатты. Таза формалды себеп айтылды – басылымды қайта тіркеу туралы куәліктермен байланысты жаңылысу болған. Барлық сот инстанцияларынан өткен басылымның бас редакторы Шәріп Құрақбай БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым түсірген. 2021 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінен жауап келді. Комитет 2013 жылы Қазақстан билігі Шәріп Құрақбайдың сөз бостандығы құқығын негізсіз шектеді деп таныды" делінген қор мәлімдемесінде.
БҰҰ-ның айтуынша, бұл тұста Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабы бұзылған. Қор өкілдері Шәріп Құрақбайдың осыдан үш жыл бұрын дүние салғанын еске салып, "бірақ бұдан сабақ алу артық етпес" деп атап өтеді.
"Қатысушы мемлекет Құрақбаев мырзаның жесірі Райхан Сәбдікеноваға қажетті көлемде өтемақы беруге міндетті, Құрақбаев мырза төлеген әкімшілік айыппұлдар мен сот шығындарын да өтеуі тиіс. Қатысушы мемлекет сонымен бірге мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбас үшін қажетті шаралардың барлығын жасауы тиіс. Комитет Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің 2-бабына сәйкес, қатысушы мемлекет өз заңнамасын қайта қарауы тиіс екенін еске салады" деп қор БҰҰ шешімінен үзінді келтіреді.
Қордың айтуынша, Қазақстан билігі шешім бойынша қолданылған шаралар туралы комитетке 180 күн ішінде хабарлауы тиіс.
Қазақстан билігі тәуелсіз журналиске шығарылған шешімге қатысты реакция білдірмеді.
Шәріп Құрақбай "Правда Казахстана" басылымымен қатар "ДАТ" оппозициялық газетінің редакторы болған. Билікті сынаған "Сөз" газетінде де істеген.
Үзеңгілес достары Шәріп Құрақбайды батыл публицист, елдегі оппозициялық журналистикаға тән бүкіл қиындықтар, соттар мен тінтулер, басылымдарды негізсіз жабу істерін бастан өткерген нағыз тәуелсіз журналист болған деп еске алады.
Кейінгі он жылда БҰҰ комитеттері 40-қа жуық қазақстандықтың өз елінде әділетсіз сотталғанын анықтап, оларды ақтайтын шешім шығарған. Бірақ Қазақстан билігі халықаралық нормаларға қол қойғанымен әдетте БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті шығарған мұндай шешімдердің көбін орындамайды.
ПІКІРЛЕР