Accessibility links

Министр: 11 ай ішінде Қазақстан экономикасы 3,8 пайызға өсті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қаңтар мен қараша аралығында Қазақстан экономикасы 3,8 пайызға өсті. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 9 желтоқсан күнгі үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.

"Нақты сектор тұрақты өсіп жатыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,2%-ға өсті. Машина жасау – 18,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 21,3%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірісі – 56,7%-ға, құрылыс материалдар өндірісі – 9,2%-ға, дәрі-дәрмек саласы – 27,9%-ға, пластмасса бұйымдарын өндіру 41,4%-ға өсті" делінген премьер-министрдің ресми сайтында.

Ресми ақпарат бойынша, 11 айдың қорытындысы бойынша, нақты секторда өсім – 2,9 пайызды құраған. Қызмет көрсету саласындағы белсенділік 3,9 пайызға артқан. Инвестиция 2,6 пайызға көбейген.

Үкіметтің хабарлауынша, кіріс жоспары 109 миллиард теңгеге артық орындалған, 51 миллиарды – салық түсімінен түскен. Едәуір бөлігі мұнай және өзге де пайдалы қазбаларды игеру саласына келеді. Ақпарат және байланыс, сауда, су жабдықтары, құрылыс, электрмен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібінің "жоғары қарқында" дамуы байқалған.

Елде инфляция артып, жеке және заңды тұлғалар арасында шетел валютасына сұраныс едәуір көбейген шақта үкімет осындай мәлімдеме таратып отыр. Ресми мәлімет бойынша, Ұлттық банк қараша соңында "теңгенің тұрақсыздануына" қарсы 239 миллион долларға валюталық интервенция жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG