Accessibility links

Қамалған кәсіпкердің туыстары айыппен келіспейді, агенттік Ақтөбедегі "субсидия ұрлығы" туралы айтты

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

9 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда "алаяқтық" бабымен қамауға алынған ақтөбелік кәсіпкердің туыстары Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің "заңсыз әрекетіне" шағымданып баспасөз конференциясын өткізді. Олар Бас прокуратураның іске шұғыл араласып, әділ тергеу жүргізуін талап етеді. Дәл осы күні Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды жымқыру мәселесі туралы айтты.

Нұржамал Абылаеваның айтуынша, ағасы Жәнібек Абылаев пен есепшісі Айнұр Досмағамбетованы 4 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қамауға алған. Оларға «бір топ адам болып бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен иемендеген» (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-тармағы) деген айып тағылған. Бірақ бұл айыппен қамаудағы кәсіпкер де, оның туыстары да келіспейді.

Нұржамал Абылаеваның баяндауынша, Жәнібек Абылаев 2019 жылы Ақтөбе облысының Шалқар, Мұғалжар, Байғанин, Ырғыз, Хромтау және Темір ауданындағы 30 шаруа қожалығына өзара келісім-шарт негізінде су және электр тогымен қамтамасыз ететін күн сәулесі панельдерін орнатып берген. Жалпы сомасы 106 миллион теңгеге шыққан күн сәулесі панельдері үшін мемлекеттен инвестициялық субсидия бөлінген. Шаруа қожалықтары шығынының 80% ауыл шаруашылығы бөлген осы субсидия арқылы өтелген. Оны шаруа қожалықтарының өздері де растап, ұзақ жылдан соң жарық пен суға қарық болғандарын, интернетке қолдары жеткенін айтқан. Олардың сөзінше, Абылаев одан кейін екі жыл бойы істен шығып қалған панельдерге тегін кепілдік қызмет көрсеткен.

Нұржамал Абылаева мен Жоламан Сейілов баспасөз жиынын өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 9 желтоқсан 2021 жыл.
Нұржамал Абылаева мен Жоламан Сейілов баспасөз жиынын өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 9 желтоқсан 2021 жыл.

– Ақтөбедегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі енді Абылаев пен Досмағамбетованы 66 миллион теңгені артық алды деп айыптап отыр. Бұған қоса Абылаевты мемлекеттік субсидияның операторы болған «Ұлттық аграрлық ғылыми орталық» мемлекеттік мекемесінің қызметкері, яғни шенеунік ретінде сипаттап, мемлекет қаржысын иеленген етіп көрсетті. Бірақ ұлттық орталық оның қызметкері еместігін айтқан ресми хат жолдап отыр. Іс жүзінде Абылаевтың субсидияға қатысы жоқ. Ол шаруа қожалығымен келісім–шарт жасасып оған қызмет көрсетті. Оның ақысын шаруа қожалығы субсидиядан бөлінген ақшамен өтей ме, өз бетінше өтей ме, өз еркі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі жемқорларды емес, іс жүзінде өз жұмысын таза атқарып, адал еңбегімен табыс тапқан кәсіпкерлерді қысып отыр, - дейді Нұржамал Абылаева.

Оның сөзін, Ақтөбе облысындағы шаруа қожалықтарын аралағанын айтқан жаңаөзендік азаматтық белсенді Жоламан Сейілов те растады.

– Мен осы жағдайды естіген соң өзім бірнеше шаруа қожалығын араладым. Күн панельдері орнатылған қыстақтарда қаладағыдай жарық жарқырап, ауыз суға қол жеткізген. Бұл елдің игілігі үшін атқарылған іс емес пе? Осыдан соң қолына іс келетін мен миы бардың бәрі шетел асып жатқаны, - деп кейіді ол.

Жиынға келгендер Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің көп балалы ана, қамауда отырған есепші Айнұр Досмағамбетованың әлеуметтік төлем түсетін картасы мен кішкентай қызының құлағындағы алтын сырғаға дейін тәркілеп кеткенін айтады. Оны қайтару туралы адвокаттар қаншама мәрте шағымданғанымен нәтиже болмағанын, енді оның үйде қалған балаларының ақшасыз, нансыз қалғанын жеткізді.

Азаттық тілшісі Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне хабарласқан еді. Оның баспасөзбен байланыс жөніндегі қызметкері "көп жайттар тергеу мүддесі үшін баяндалмайтынын" жеткізіп, ресми сауал жолдауды ұсынды.

Ал 9 желтоқсан күнгі брифинг кезінде ауыл шаруашылығы субсидияларының жымқырылуы туралы айтқан Жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Ақтөбедегі "қылмыстарға" да тоқталған.

"Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын "Ұлттық аграрлық ғылыми орталығы" қызметкерлерінің бірқатар қылмысы әшкереленді. Бұл орталық ірі қараны тіркейтін дерекқорды жүргізеді және оның мәліметтері субсидия алған кезде пайдаланылады. Аталған орталық қызметкерлері деректерді бұрмалап, соның негізінде жүйелі түрде заңсыз жолмен сыйақы алып отырған. Бұдан бөлек, олардың өздері жемқорлық схемасын құрады" деді Марат Ахметжанов. Ол күдіктілердің аты-жөнін атамады.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында мұндай қылмыстық топқа орталық қызметкерінің бірі жетекшілік еткен. Күдікті туыстарына тіркелген компаниялар арқылы күн панельдерін тасымалдап, сол арқылы "ақша жымқырған". Агенттік жетекшісі тінту кезінде одан фермерлердің электронды қолдары мен жалған есеп құжаттары тәркіленгенін айтты.

Оның айтуынша, бұған ұқсас жағдай Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында да анықталған.

XS
SM
MD
LG