Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Нұрсұлтан Назарбаевтың "екінші әйелі" Әсел Құрманбаева жалғыз құрылтайшысы болып саналатын Балет және ұлттық биді дамыту және қолдау қорының қамқоршылық кеңесіне қалай мүше болғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, оны бұл қызметке "шақырған" және сол қызметтің арқасында көп нәрсені үйренген.
— Мәдениетті жақсы көремін, маған ұсыныс жасады, бас тартқан жоқпын. Ол жерден жалақы алмаймын. Қордың арқасында көптеген дүниелерді білдім. Оның өмірде қажеті болады деп санаймын. Шымкент қаласының әкімі ретінде бірінші кезекте, білім алдым, қазір опера және балет театрын дамыту үшін халықаралық деңгейдегі маманды шақырдық. Ол қорға жетекшілік етеді, – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Әйтенов Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингіде.
Ол Әсел Құрманбаеваны танитынын, бірақ ол жаққа оны басқа адам шақырғанын айтты.
— Иә. Жұмыс барысында [Әсел Құрманбаевамен] кездесіп қалатынбыз, дамыту тақырыптарын талқыладық. Бірақ мені жұмысқа басқа адам шақырған... Қазір ол, Асылова Ұлттық академияда реактор болып істейді (Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованы айтып отырған сияқты – ред.), – деді Әйтенов.
Бұдан соң модератор диалогты үзіп тастады.
Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) соңғы зерттеулерінің бірінде "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көрген" деп жазған еді.
Видео: Назарбаевтың "жұмбақ әйелі" және жаңа театр (4 қазан 2021 жыл).
3 қазанда жарияланған зерттеу офшордағы құпия келісімдер мен жасырын байлықтарды көрсететін құжаттарға сүйенген. "Пандора құжаттары" деген атауға ие болған досьеде 12 млн файл бар.
Құжаттарға қарағанда, Құрманбаеваның британдық Виргин аралдарында тіркелген құпия компаниясы болған. Компанияның белсенділігі байқалмаған. Бірақ соған қарамастан Құрманбаева оны 30 млн долларға сата алған.
Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының мәліметінше, Құрманбаева Қазақстанда мемлекеттік екі би институтына жетекшілік етеді. Оған бірнеше фирма мен балет және ұлттық би саласында ашылған қорлар тиесілі.