Accessibility links

АҚШ президенті Джо Байден демократияға қауіпті тенденциялар жөнінде айтты


АҚШ президенті Джо Байден демократияны қолдау саммитінде отыр. 9 желтоқсан 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден демократияны қолдау саммитінде отыр. 9 желтоқсан 2021 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден 9 желтоқсанда Ақ үй алғаш рет ұйымдастырған демократияны қолдау мәселелеріне арналған саммитті ашты. Талқылау онлайн режимде өтіп жатыр.

Байден әлем бойынша демократиялық институттардың әлсірегеніне алаңдаушылық білдіріп, әлем жетекшілерін демократияны бірігіп қорғауға шақырған. Ақ үй жетекшісі саммит қатысушыларына "бетбұрыс кезеңі" жөнінде айтып, демократиялық құндылықтарды қорғауға екі есе күш салу қажеттігін атап өткен. Ол қазіргі тенденциялардың негізінен "дұрыс бағытта келе жатпағанын" алға тартып, "демократия қолдауға зәру" деп мәлімдеген.

Ақ үй 9 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде Джо Байденнің демократияны жаңғырту бастамаларын бекіткенін хабарлады. Оған сәйкес, Америка үкіметі демократияны нығайтып, адам құқығын қорғау үшін тұтас шаралар кешенін қабылдайды. Алдағы жылы Вашингтон осы мақсатқа 424 млн доллардан астам қаражат жұмсайды.

Негізінен бес бағытқа басымдық беріледі: тәуелсіз әрі еркін баспасөзді қолдау, жемқорлықпен күрес, реформа жақтаушыларына қолдау көрсету, аталған салада жаңа технологияны дамыту, еркін әрі әділ сайлау, саяси процестерді қорғау.

Демократияны қолдау саммиті жұма күні де жалғасады. Джо Байден сайлауалды науқан кезінде әлем бойынша авторитар үкіметтердің бас көтергенін айтып, демократияны нығайтуға күш салуға уәде берген. Associated Press агенттігінің жазуынша, Байден АҚШ пен одақтастары демократияның артықшылықтарын көрсетіп, автократиямен салыстырғанда қоғамға әсерін құрал ретінде үнемі пайдаланып отыруы тиіс деген идеяны алға тартқан.

Агенттіктің жазуынша, бұл Джо Байденнің сыртқы саясаты принциптерінің өзегі болып саналады және мұндай көзқарас Байденнің пікірінше, алдыңғы президент Дональд Трамптың "Америка бәрінен жоғары" деген ұранынан гөрі әлдеқайда ұтымдырақ.

Саммитке әлемнің жүзден астам елі шақырылған. Арасында Қытай мен Ресей жоқ. Саммитке шақырылғандар тізімінде Қазақстанның да аты аталмайды. Freedom House ұйымының "Демократия индексіне" сәйкес, форумға шақырылған 77 ел еркін немесе толық демократиялық ел санатына кіреді. 31-і – жартылай еркін, үшеуі еркін емес елге жатады.

Байден әкімшілігінің мәліметінше, саммитке қатысатын жетекшілерге демократия бойынша "нақты шаралар қабылдап, реформа жүргізу бойынша міндеттемелерін жүзеге асыру" ұсынылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG