Accessibility links

Сот әкімдікті сотқа берген құқық қорғаушылардың өтінішін орындамады


Митинг өтер алдында көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері. Қараша айы, 2020 жыл.
Митинг өтер алдында көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері. Қараша айы, 2020 жыл.

Алматы соты саяси реформа тақырыбында шеру өткізуге рұқсат ала алмай, әкімдікті сотқа берген құқық қорғаушылардың шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл жөнінде "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

"Сот өтінішімізді орындаудан бас тартты, бізге екі рет шеру өткізуге рұқсат бермеген әкімдіктікі дұрыс екен. Осылай болады деп ойлағанбыз. Міне, саған митинг туралы заң мен жаңа әкімшілік процедура-процестік кодекс!" деп жазды құқық қорғаушы Facebook парақшасында.

Қазан және қараша айларында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов әкімдікке қалада шеру өткізуге ескерту хаттар тапсырған еді. Бірақ қалалық қоғамдық даму басқармасы шеру өткізуге рұқсат берген жоқ. Басқарма біріншісінде "карантин талаптарын" алға тартқан. Екінші өтінішке "дәл сол күні басқа шара өтеді және жөндеу жұмыстары жүргізіледі" деп жауап берген. Осыдан соң құқық қорғаушылар әкімдік үстінен сотқа арыз түсіріп, соттан қалалық қоғамдық даму басқармасының жіберген жауаптарын заңсыз деп тануды сұраған.

Orda.kz сайтының хабарлауынша, 9 желтоқсанда өткен сотта шағым түсіруші тарап әкімдіктің өзге ұйымдарға қараша айында митинг өткізуге рұқсат бергенін айтып, жергілікті билікті "дискриминация жасап отыр" деп айыптаған.

Алматы әкімдігі жағынан сотқа қатысқан Бауыржан Дарманбеков есімді адам "заңға сәйкес, мемлекеттік қауіпсіздікке, азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қауіп төнуі мүмкін болған жағдайда, әкімдік митинг өткізу туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарта алады" деп айтқан.

Судья Салтанат Базарова жауапкердің айтқандарын негізді деп тауып, құқық қорғаушылардың өтінішін орындамаған.

Қазақстанда былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

Бұған дейін Human Right Watch халықаралық ұйымы және басқа да құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды коронавирус пандемиясын пайдаланып, адам құқығын шектеп отыр деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG