Accessibility links

Оралда тұрғын үй кооперативінің салымшылары ақшаны қайтаруды талап етті


"Свой дом" кооперативінің салымшылары компания кеңсесі алдында тұр. Орал, 10 желтоқсан 2021 жыл.
"Свой дом" кооперативінің салымшылары компания кеңсесі алдында тұр. Орал, 10 желтоқсан 2021 жыл.

Оралда "Свой дом" тұрғын үй кооперативінің 20-дан астам салымшысы 10 желтоқсанда компания кеңсесіне барып, ақшаларын қайтаруды талап етті. Жиналғандардың сөзіне қарағанда, кооперативтің кейбір мүшелері сотқа да жүгінген. Кейбірінің қолында кооперативті ақшаны қайтаруға міндеттеген сот шешімдері бар. Компания өкілдерінің айтуынша, реабилитация процесі жүріп жатқандықтан бұл кезеңде төлем операциялары жүргізілмейді.

Жиналғандардың өкілі, заңгер Ульфат Мұқанованың айтуынша, салымшылар орта есеппен 2-4 млн теңге аралығында ақша салған. Бірақ арасында он миллион теңгеден астам қаражат құйған азаматтар да бар. Заңгердің сөзінше, уәде етілген баспанаға қол жеткізе алмағандар 50-ден асады.

— 11 млн теңге жинағанбыз. Тірнектеп жинаған ақшалардың бәрін салдық, сататын нәрселердің бәрін саттық. Үй алғымыз келді. [Кооперативтегілер] үй тапсаңыздар, сатып алып береміз деді. 16,5 млн теңге тұратын үй таптық. Жарты ақшасын жинадық. 2019 жылы болатын. Қазір мұндай баға жоқ. Сатушыға барып, келістік. Кооперативтегілер оған алдын ала 1,5 млн теңге төлеп қойғанын айтты, – деді салымшылардың бірі Азамат Таубаев.

"Свой дом" кооперативінің салымшысы Азамат Таубаев. 10 желтоқсан 2021 жыл.
"Свой дом" кооперативінің салымшысы Азамат Таубаев. 10 желтоқсан 2021 жыл.

Салымшының сөзіне қарағанда, кооперативтегілердің уәдесіне қарамастан сатушы сол күйі үйдің ақшасын ала алмаған. Содан бері Азамат Таубаев 11 млн теңгесін қайтаруға күш салып келеді. Жартысына жуығын "дауласып жүріп" қайтара алған.

— Кооперативке мүше әрбір салымшы таңдаған бағдарламаға қарай алғашқы жарнаны төлеуі тиіс: біреу 500 мың, біреу 600 мың төлейді. Сосын ай сайын 30, 50, 60 мың теңгеден құйып тұрған. Бірақ келісім-шартта бастапқы жарна қайтарылмайды деп жазылған. Бұл сот шешімінде де бар. Қалай болғанда да кооператив ақшасыз қалмайды. Ал салымшылар қайтарылған ақшаға үй ала алмайды. Оның өзінде қайтарылса деңіз, – деді заңгер Ульфат Мұқанова.

Оның айтуынша, салымшылар қиын жағдайда қалған, себебі жылжымайтын мүлік құны кейінгі кезде шарықтап кеткен. 2019 жылы салымшылардың басым бөлігі ақша сала бастаған кезде Оралда бір бөлмелі пәтер 6-7 млн теңге болған. Қазір шамамен 12 млн теңге тұрады.

"Свой дом" тұрғын үй кооперативінің төрағасы Гүлзара Еркеналиева.
"Свой дом" тұрғын үй кооперативінің төрағасы Гүлзара Еркеналиева.

"Свой дом" тұрғын үй кооперативінің төрағасы Гүлзара Еркеналиева "қылмыстық іс аясында қолхат бергендіктен" түсініктеме беруден бас тартты. Қандай бап бойынша және кімге қозғалғанын да нақтыламады.

Оның айтуынша, салымшылар ақшаны қайтаруды жаппай талап ете бастағандықтан кооператив азаматтық шағым түсіріп, реабилитацияға уақыт сұраған. Сол себепті кооператив салымшыларға ақшаларын қайтара алмайды деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG