Accessibility links

Зеленский Путинмен тікелей келіссөз жасау мүмкіндігін жоққа шығармады


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Ресей Украинамен арадағы жағдайды ушықтырмайтынына АҚШ-ты сендірді. Бұл жөнінде желтоқсанның 9-на Ақ үй басшысы Джо Байденмен сөйлескеннен кейін Украина президенті Владимир Зеленский айтты.

Украина президенті жұма күні "1+1" телеарнасының эфирінде "меніңше бұл аз да болса нәтиже" деді .

Зеленский сұқбатында Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей келіссөзге отыру мүмкіндігін де жоққа шығармады және бұл мәселе жөнінде Еуропа одағы мен АҚШ қолдайтынын атап өтті.

Желтоқсанның онына, жұма күні Ресей СІМ "Қауіпсіздікке кепілдік беру жөнінде АҚШ пен Батыстың өзге де елдерімен диалог" туралы мәлімдемесін жариялады. Бұған дейін мұндай кепілдік мәселесі 7 желтоқсанда Байден мен Путиннің екі сағатқа созылған телефон әңгімесінде сөз болған. Ресей Украина НАТО-ға мүше болып кете ме деп алаңдайды.

"Ресей қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде президент Байден диалогқа дайын екенін білдірді. Кейінгі күндері біздің ұстанымымыз туралы алыпқашпа болжамдар көбейіп жатыр", - дейді Ресей СІМ. Ведомство "мәселені Мәскеудің ушықтырып жатқаны жайлы болжамдар мүлде қисынсыз" деді.

"НАТО-ға тартылатын болса, Украинада соққы жасайтын зымыран кешендері пайда болуы мүмкін. Мұндай жауапсыз әрекеттер әскери ахуалды шиеленістіріп, тіпті Еуропада өте ауқымды жанжал туғызуға дейін жетуі мүмкін", - дейді Ресей сыртқы істер министрлігі.

Мәскеу "Украинаның НАТО-ға мүше болу мәселесі Киев пен НАТО-ның ғана шаруасы" деген тұжырымдармен келіспейді. "2008 жылы Бухарестте өткен НАТО саммитінің "Украина мен Грузия НАТО мүшесі болады" деген шешімін Еуропадағы қауіпсіздік үшін жою керек. Бұл шешім Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің міндеттемелеріне қайшы",- дейді Ресей сыртқы істер министрлігі.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинаның Трансатлантикалық альянсқа қосылуына жол бермеу жөніндегі Ресейдің 10 желтоқсандағы талабын қайтарып тастаған дейді "Америка дауысы". Германия канцлері Олаф Шольцпен бірге баспасөз конференциясын өткізген кезде Столтенберг "НАТО-ның Украинамен қалай қарым-қатынас жасайтынын НАТО-ның 30 мүшесі мен Украинаның өзі ғана шешеді" деген еді.

АҚШ пен Украина президенттерінің телефон әңгімесінен кейін АҚ үй де осындай ұстанымын аңғартқан.

XS
SM
MD
LG