Accessibility links

"Бюджет қаржысын жымқыру". Сот жемқорлықпен күрес қызметкерлерін ақтап шықты


Қарағанды соты жемқорлықпен күрес қызметкерлерін, шенеуніктер мен кәсіпкерлер ақтап шықты. Олар бюджеттің миллиондаған теңгесін жымқырды деген айып тағылған болатын. 2019 жылы басталған сот үш жылға созылды.

Мемлекеттік айыптаушы түрмеге қамауды сұрағанымен сот күдікті жетеудің "қылмыстық іс дәлелдендеген" деп есептеді.

Сот үкімі бірнеше рет кейінге қалып, ақыры 13 желтоқсанда оқылды. Сот процесін бақылап жүрген Азаттық тілшісіне сот хатшысы үкімнің қашан шығатынын бүгін де айтпады, бірақ үкімнің шығып қойғаны кейіннен белгілі болды.

Қылмыстық істі қараған судья Саян Аққожин шешімімен ақталғандар енді қызметтеріне қайта оралып, құқық қорғау органдарынан өтемақы талап ете алады.

Жарыссөз кезінде прокурор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды департаментінің Балқаш ауданындағы жетекшісі Орал Ахметовті сегіз жылға бостандығынан айыруды сұраған еді. Ол "бас пайдасы үшін қызметін асыра пайдаланды" деп айыпталды.

Сот орындығында Ахметовтің орынбасары Олжас Ахметбеков те отырды. Оған "жедел іздестіру материалдарын қолдан жасады" деген айып тағылды.

Балқаш қалалық әкімдігінің жанындағы "Су Жылу Транс" мемлекеттік кәсіпорынының директоры Бейсембек Сармантаевты "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптады. Балқаш қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің кадр және ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Оңалбек Мәдіғалиев, жеке компания қызметкерлері Юрий Литвинов, Ислам Сардарбеков, Дмитрий Михайловқа "ұйымдасқан топ құрып, өзгенің мүлкін алдап алу үшін сөз байласты" деген айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушы олардың әрқайсысын төрт жылға бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Бастапқыда бірнеше күдікті "кінәліміз" десе де, жемқорлықпен күрес мекемесінің қызметкерлері "кінәсін" мойындамаған.

Прокуратура "2016-2017 жылдары ауыр қылмыс жасаған бұл топ мемлекетке миллиондаған теңге шығын келтірді, коммуналдық салаға бөлінген бюджет қаржысын пайдаланды, жалған құжат жасады" деп айыптады. Айыптау актісінде "жемқорлықпен күрес органының қызметкерлері бұл істі білсе де бас пайдасы үшін көз жұма қарады" деп көрсетілген.

Қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық департаменті мен жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жүргізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG