Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) басқармасының төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы ақшасын пайдалану мерзімін қысқарту себебін түсіндірді. Бір күн бұрын "Отбасы банк" зейнетақы қорындағы ақшаны баспана мәселесін шешуге пайдалану мерзімі 45 күннен 20 күнге дейін қысқарғанын хабарлаған.
Жанат Құрмановтың айтуынша, егер азаматтар зейнетақы ақшасын пайдалану туралы өтініш бермей тұрып, алатын баспанасын таңдап, алдын ала дайындық жасаса 20 күн жеткілікті.
– Өтініш түсірмей тұрып [азаматтар] қандай баспана алатынын мұқият таңдап, құжаттарын әзірлеп алған дұрыс. Ол ақша инвестициялық айналымнан алынады, іс жүзінде салымшы кірістен қағылады. Сол себепті ақшаның арнайы есепшотта қалу мерзімін қысқартқан дұрыс болады, – деді сәрсенбі күні ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген Жанат Құрманов.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, жаңа өзгеріс тек баспана жағдайын зейнетақы ақшасы арқылы жақсартқысы келетін азаматтарға қатысты. Жаңа өзгеріс 14 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Оған дейін есепшотына ақшасы түскендерге өзгерістің қатысы жоқ.
Қазақстан билігі 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа пайдалануына рұқсат берген. Желтоқсанның басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қорда міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері ("жеткілікті шек") шамамен екі есеге ұлғаятынын хабарлаған. Зейнетақы қорындағы "артық ақшаны" пайдалануды жоспарлаған жұрт бұл өзгерістерге қарсылық білдірген. Кейбір белсенділер БЖЗҚ-ны сотқа да берген.
Халық наразылығынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы өзгерістерді 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізуді тапсырған.
Қарай отырыңыз: Зейнетқордағы ақшаны алу машақаты (9 желтоқсан 2021 жыл).