Accessibility links

Қырғыз шекарашылары Тәжікстаннан жанармай әкелінді деген мәліметті жоққа шығарды


Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне қараысты шекара қызметі Тәжікстаннан Қырғызстанға заңсыз әдіспен жанармай өткізілді деген мәліметті терістеді.

Қырғыз шекара қызметінің хабарлауынша, 14 желтоқсанда әлеуметтік желілерде жарияланған видео мен хабарлар шындыққа жанаспайды. Қызмет мәліметінше, видеодағы бензовоздар "Қырғызмұнайгазға" тиесілі, олар Баткен облысынан Жалалабадқа бара жатқан.

"Шекара қызметі Қырғызстан азаматтарын жалған мәліметтермен қоғамды шатастырмауға үндейді", - делінген шекара қызметі таратқан ақпаратта.

Мұның алдында Баткен облысында халық өкілдерінен құрылған жасақ мүшелеріне шағым түскен. Олар көліктерді тоқтатып, Тәжікстаннан заңсыз жолмен шығарылған деген желеумен тауарларды өртеді делінеді.

Баткен облысындағы халық жасақтары биыл 28-30 сәуірдегі қарулы жанжалдан соң құрылды. Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыста 36 адам қаза тапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG