Accessibility links

Эмомали Рахмон үшінші қызын Ұлыбританиядағы елші етіп тағайындады


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үшінші қызы Рухшонаны Тәжікстанның Ұлыбританиядағы елшісі етіп тағайындады. Жарлық 15 желтоқсанда президенттің ресми сайтында жарияланды.

Рухшона – Эмомали Рахмонның жеті қызының бірі. 2016 жылы Тәжікстанның Лондон елшілігінде істеген. Бір жылдан соң "Дипломатия қызметінің негіздері" атты кітап шығарды. Көп ұзамай Тәжікстан сыртқы істер министрлігі халықаралық ұйымдар басқармасы жетекшісінің орынбасары болды.

Рахмонның жеті қызы, екі ұлы бар. Үлкен ұлы Рустамиді сарапшылар әкесінің мұрагері болуы мүмкін деп болжайды. Ол қазір парламенттің жоғарғы палатасына төрағалық етеді. Одан бөлек, Душанбе қаласының мэрі қызметін атқарады.

Саясаткердің үлкен қыздарының бірі Озода Тәжікстан президенті аппаратының жетекшісі. Оған дейін сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған. 2010 жылы Рахмонның Зарина есімді қызы мемлекеттік телеарнада ағылшын тілінде жаңалықтарды жүргізген.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып келеді. Заң екі реттен артық мерзімге сайлануға тыйым салса да, Рахмон былтыр қазанда бесінші рет президент сайлауының жеңімпазы атанды. Сарапшылар елде жеке басқа табынушылық барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG