Accessibility links

Oyan, Qazaqstan белсенділері Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, арт-перформанс өткізді


Oyan, Qazaqstan белсенділерінің он жыл бұрынғы қантөгіске арнаған перформансы. Vlast басылымының Телеграм арнасынан алынған скриншот. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.
Oyan, Qazaqstan белсенділерінің он жыл бұрынғы қантөгіске арнаған перформансы. Vlast басылымының Телеграм арнасынан алынған скриншот. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.

Алматыда Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының он шақты өкілі Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, арт-перформанс өткізді. Бұл жөнінде Vlast сайты жазды. Белсенділер арқа тұсында нысананың суреті бар ақ костюм киіп, қызыл бояу жағып алған. Перформансты ұйымдастырушылар қансыраған оқиға құрбандарын осылай бейнелеуге тырысқан.

Vlast басылымы Телеграм арнасында сондай костюм киген алты белсендінің суретін жариялады. Жиналғандар мен ары-бері өткен жұрт оларды видеоға түсірген.

Ақпаратқа қарағанда, Oyan, Qazaqstan қозғалысының үш белсендісі: Бейбарыс Толымбеков, Жанель Шаханова және Азиза Есмағанбетова акция басталғанға дейін ұсталған. Белсенділер оларды қолдап, полиция бөліміне баратынын айтқан. Артынша белсенділердің босатылғаны хабарланды.

Бейсенбі күні дәл осы уақытта Республика алаңының екінші бір бөлігінде – Тәуелсіздік монументі маңында тіркелмеген "Демократиялық партия" өкілдері митинг өткізді. Олар Жаңаөзен оқиғасына билікті кінәлап, он жыл бұрынғы қантөгістің шындығы толық ашылмағанын айтқан.

Республика алаңында таңертең ресми шара өткен кезде интернет болған. Түске қарай нашарлап, ізінше мүлде өшіп қалды.

16 желтоқсанда "Демпартиямен" қатар "Қазақстанның демократиялық қозғалыс" өкілдері (Нұр-Сұлтан соты ҚДТ-ны "эстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) де митинг өткізбек болған. Алайда қозғалыс жақтастарының алаңға келгені-келмегені белгісіз. Бір сағат бұрын полицияның алаңға барғысы келгендерді жан-жақтан жібермей жатқаны туралы хабар тараған.

Шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов негізін қалаған ҚДТ қозғалысын қолдаған көптеген белсенді бұған дейін сотқа тартылып, митинг, шерулерге қатысуына тыйым салынған. Кейбірі түрмеде отыр. Құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" деп таныған. Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырған. Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар "билік өкілетін асыра пайдаланған" бес полицей сотталса да, халыққа оқ атуға бұйрық бергендер әлі анықталмады деп мәлімдеп, оқиғаны жан-жақты зерттеу жүргізуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG