Accessibility links

Жақсы өмір үшін жанталас. АҚШ-қа Мексика арқылы өткісі келетін қырғыздар мен өзбектер көбейген


Migrants are processed by the United States Border Patrol after crossing the US-Mexico border into the US in Texas on July 7, 2021
Migrants are processed by the United States Border Patrol after crossing the US-Mexico border into the US in Texas on July 7, 2021

18 желтоқсан – Мигранттардың халықаралық күні. Кейінгі жылдары орта азиялық мигранттардың Мексика арқылы Америка шекарасын заңсыз кесіп өту фактілері көбейген. Салдарынан АҚШ-тан жақсы өмір іздеп "виза жасайтын" алаяқтарға алданған, шекара заңын бұзғаны үшін ұсталған, депортация мен "қара тізімге" ілінген, саяси баспана алудың машақатын көрген, Мексикада із-түзсіз жоғалып кеткен адамдар саны да артқан.

ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ ХИКАЯСЫ

Қырғызстандық 34 жастағы Әділет қазір Мексика асып, одан АҚШ-қа өтуді жоспарлап жүр. Ол жыл басында Ресейде "қара тізімге" ілініп, Қырғызстанға депортацияланған. Ол бес жыл бойы Сахалинде жүк көлігінің жүргізушісі болып істеген. Әлеуметтік желіден АҚШ-та жүк көлігін айдайтын қырғыз азаматтарын тауып, Америкаға көшудің амалын іздей бастаған.

– Жаңа жылдан кейін Мексикаға кетуге дайындалып жатырмын. Қазір ресейлік қызға үйленіп, жалған некеге тұруым керек. Неке куәлігімен шенген визасын немесе Мексикаға кіруге рұқсат аламын. "Бал айына" бара жатқандарды қатты тексермейді деп естідім, – дейді ол.

Зарина бір ай бұрын Стамбулға келген. Ол Мексикаға кетудің жолын іздеп, интернетте "4000 еуроға виза дайындап беремін" деген түрік азаматымен танысқан. Жарты ақшасын аударып, Түркияға барғаннан кейін алданып қалғанын түсінген. Қазір ол әділдік іздеп, Стамбулдағы Мексика консулдығының табалдырығын тоздырып жүр.

– Ақшаны бекер берген екенбіз. Өткен айда бірнеше қырғыз азаматының алданып қалғанын естідім. Стамбулдағы Мексика консулдығы Орталық Азиядан келгендерге виза бермейді. Өзімді алдап соққан Түркия азаматының үстінен арыз жаздым. Қазір қалай да Мексикаға жетіп, ары қарай АҚШ-қа өтудің амалын қарастырып жатырмын, – дейді ол.

Қырғызстанның Стамбулдағы консулдығы 40 шақты азаматтан арыз түскенін, Стамбулдың бас прокуратурасы "алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

Қырғызстандықтардың арасында қазір "Бішкек – Стамбул – Амстердам – Канкун" – Мексикаға апаратын танымал туристік бағыттардың бірі.

Жыл өткен сайын Мексикаға Эквадор арқылы баратын шетелдік мигранттардың да саны артып келеді. Қырғызстан азаматы Жылдызбек қазір Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген 30 шақты мигрантпен бірге Мексикаға бара жатыр.

– Бәрі Эквадорға Италия арқылы шенген визасымен келген. Енді кемемен Мексикаға жетуге тырысамыз. Әркім әртүрлі ақша төлеген. Өз басым екі мың доллар бердім. Кей адамдардың Мексикаға барып, орман арқылы АҚШ территориясына өткенін естідім. Бұл өте ауыр жол, бірақ басқа амал жоқ. Екі аптадан бері жолда жүрмін. Жарты айдан кейін жететін шығармыз, – дейді ол.

АҚШ пен Мексика шекарасында жүрген заңсыз мигранттар. 9 шілде 2021 жыл.
АҚШ пен Мексика шекарасында жүрген заңсыз мигранттар. 9 шілде 2021 жыл.

Кейде Мексикаға виза алған адамдардың өзі елге кіре алмай қалады. Қараша айында Қамшыбек есімді азамат әйелімен және төрт баласымен бірге Бішкектен Мәскеуге ұшып, туристік агенттіктен Мехико қаласына тур сатып алған. 4 желтоқсанда Мексикаға жеткен, бірақ шекарадан өте алмаған.

– Турагенттік қызметкерлері сенбі күні ұшсаңыздар, терминалда адам аз болады деп еді. Айтқандарындай, адам көп болмады. Төлқұжатымызды бергеннен кейін, бізді бір бөлмеге алып кетті. Мәскеуден алған визамыз жалған болып шығыпты. Біз оны білген жоқпыз. Екі сағаттан кейін бір қызметкер келіп, "сіздерді Мәскеуге депортациялайды" деп, билетімізді қолымызға ұстатты. Мәскеу әуежайында бізді "алаяқтық жасадыңдар" деп айыптап, Қырғызстанға қайтарды. Осылай 20 мың доллар ақшамыздан айырылдық, – дейді Ресейдің "қара тізіміне" қалай ілінгенін әңгімелеген Қамшыбек.

Тағы бір қырғыз азаматы Жәнібек Америкаға туристік виза ала алмай, екі жыл қатарынан грин-карта лотереясына қатысып, жолы болмаған соң, армандаған еліне Мексика арқылы жетуге бел буған. Жолға жиналып, туыстарынан қарыз сұраған, әкесінің үйін кепілге қойып, несие алған. Үш ай Стамбулда тұрып, Мексиканың визасына қол жеткізген. Бұрын Америкаға көшіп кеткен таныстары Қырғызстанның төлқұжатымен Мәскеуден не Стамбулдан Мексикаға ұшу қиын екенін айтқан. Сондықтан Жаныбек әйелі мен екі баласын алып, Киевтен туристік тур сатып алған.

– Он күн бойы кәдімгі туристер сияқты Мексиканы араладық. Қайтатын уақыт таяғанда шекараға жақын Тихуана қаласына бардық. Бірнеше күнге қонақ үйге орналастық. Тихуанаға ешкім жай қыдырып бармайды. Қалаға жолы түскен, әсіресе, ТМД елдерінен келген азаматтардың бәрі амалын тауып, Америкаға өтуге тырысады. Мексика полицейлері жемқор екенін білетінмін. Сондықтан алдын-ала 20, 50 долларлық ақша дайындап қойдым. Полиция тексере қалса, ақша беріп сытылып кетейін деп ойладым. Бірақ оңай өтіп кеттік. Таңертең әйелім кенже ұлымды алып, өзім үлкен баламды жетектеп шекараға бардық. Біреуіміз бірінші өтіп кетсек, "ар жақта күйеуім (әйелім) бар, мені де жіберіңіз" деп айту үшін екіге бөлініп тұрдық. Адам көп. Кезекке жазылдық. Алдымызда мыңдаған адам бар. Бір кезде әйелім хабарласып, "бізді көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа қарай әкетіп бара жатыр" деді. "Қайда?" деп сұрасам, тұтқаны тастай салды. Шекарада әйелдер мен балаларды ұрлап, кей тұтқын үшін ақша талап ететінін естіп едім. Уайымнан жанымды қоярға жер таппадым. Қас қарайған шақта әйелім хабарласып, өздерін үйсіз әйелдер түнейтін жерге апарғанын айтты. Әйелім ұрыс шығарып, тұратын жері мен күйеуі барын айтып, кері оралды, - дейді ол.

АҚШ-Мексика шекарасындағы мигранттар. 2021 жылдың шілдесі.
АҚШ-Мексика шекарасындағы мигранттар. 2021 жылдың шілдесі.

Жәнібек бір жарым ай бойы күн сайын шекараға барып, кезекте тұрған.

– Кезегіміз келгенде, мені әйелім мен балаларымнан бөліп, терезесі жоқ, темір торлы есігі бар тар бөлмеге апарды. Ол жақта отыз шақты адам отыр екен. Көбі Африка мен Латын Америкасынан келген. Арасында Ердоғанның қудалауынан қашып келген "гүленшілер" (Фетхуллах Гүленнің жақтастары) де болды. Еденде ұйықтадық. Түс не кеш болғанын тамақ келгенде бір-ақ білеміз. Отбасылы адамдарды көп ұстамайды. Көп ұзамай мені де тергеуге шақырып, не мақсатпен келгенімді, туған жерімнен неге қашқанымды сұрады. Сұрақтарға сенімді түрде жауап беру керек. Әйтпесе депортациялауы мүмкін. "АҚШ-та күтіп алатын адамың бар ма?" деді. Айтқан адамыма хабарласты. Бес күннен кейін бізді күтіп алатын адам "бәрі дайын" деп хабарласқан соң, босатты. Осылай өтіп кеттік. Осынша қиын боларын білсем, Америкаға келмес едім. Құдай сақтап, аман қалдық. Бірақ басқаларға бұлай жасауға кеңес бермеймін. Шекарадағы орталықта жылдап отыратын адамдар бар. Мексика шекарасында балаларымды ұрлап кетсе, қайтер едім? Сондықтан өзі Мексикаға жетіп алып, басқаларды шақырып, жарнама жасайтындарды түсінбеймін. Бұл өте қауіпті. 27 мың доллар ақшам кетті. Америкаға келудің ең дұрыс әрі заңды жолы – грин-карта лотереясына қатысу. Бұл картамен кез келген уақытта туған жеріңе барып-келуге болады. Ал біз сияқтылар еліне қайта алмайды. Құжат алуға біраз жыл кетеді. Америкада жүрген бір жігіттің әкесі қайтыс болды. Бірақ Қырғызстанға барып, әкесін ақтық сапарына шығарып сала алмады. Сондықтан басқаларға шетелге жиналмас бұрын, әбден ойланып барып шешім қабылдауға кеңес беремін, – дейді Жәнібек.

ӨЗБЕКТЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

АҚШ-қа жетудің кез келген амалын іздегендер арасында өзбекстандықтар да бар.

10 желтоқсанда Өзбекстан сыртқы еңбек миграциясы агенттігі Америка-Мексика шекарасын заңсыз кесіп өткен төрт өзбек азаматының ұсталғанын растады. Агенттіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада "Отандастарымыз Түркиядан Мексикаға барып, ары қарай АҚШ-тың Нью-Йорк, Филадельфия қалаларына өтпек болған" деп жазылған. Осыған дейін Military Observer телеграм каналында төрт өзбек азаматының Юма секторындағы шекара арқылы АҚШ-қа өтіп жатқаны туралы видео тараған. Бұл видеоны кім және қашан түсіргені белгісіз.

АҚШ-Мексика шекрасында ұсталған өзбекстандықтар.
АҚШ-Мексика шекрасында ұсталған өзбекстандықтар.

Өзбекстанның АҚШ-тағы елшілігі Азаттықтың Өзбек қызметінің ұсталған өзбектердің қазіргі жағдайы туралы сұрақтарына жауап берген жоқ.

Әдетте АҚШ территориясына заңсыз кірген азаматтарды түрмеге жібереді не шекараның арғы бетіндегі мемлекетке қайтарады.

6 желтоқсанда Вашингтонның "Мексикада қал" деп аталатын бағдарламасы күшіне енді. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Мексикаға депортацияланған мигранттардың жағдайы қиын. Олар кейде саяси баспана беру туралы шешімді бір жарым жылға дейін күтеді.

Желтоқсанның басында АҚШ-тың кеден-шекара қызметі Мексикадан Аризона штатына заңсыз өтуге тырысқан өзбек мигранттарын ұстаған. Ұсталған азаматтар Өзбекстанда жыныстық ориентациясына байланысты қудалауға ұшырап, елден қашуға мәжбүр болғанын айтқан. Өзбекстанның Қылмыстық кодексінде біржынысты қарым-қатынас үшін түрме жазасы қарастырылған.

АҚШ-тың кеден-шекара қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, желтоқсанның басында Мексика мен Аризона штатының арасындағы Юма учаскесінде күн сайын 1300 мигрант тіркелген. Бұл әдеттегіден екі есе көп. Юмада көбіне Мексика, Сальвадор, Гватемала сияқты елдерден келген азаматтар ұсталады. Бірақ кейінгі кездері Орталық Азия мен Бангладештен келген мигранттардың да саны артып келеді.

Заңсыз миграция тақырыбымен айналысатын ресейлік видеоблогер Валерий Никифоровтың айтуынша, постсоветтік елдерден Мексикаға барып, шекарада АҚШ билігінен саяси баспана беруді сұрау – мигранттарға бұрыннан таныс тәсілдердің бірі.

– Өкінішке қарай, түрмеге түсу немесе өлім қаупіне қарамастан, адамдар әлі де Мексика арқылы АҚШ-тан саяси баспана алуға тырысады. Мексика Ресей, Түркия және Украина азаматтарына елге кіруге бірқатар жеңілдіктер берген. Билік осы арқылы елге келетін туристер санын арттырмақ болған. Бірақ АҚШ-қа кіру қиындап, пандемия кезінде виза алу мүмкіндігі азайған соң, көп азамат "америкалық арманына" Мексика арқылы жетуге тырысты. Мексиканың Тихуана қаласы АҚШ-пен шекара бойында орналасқан. Адамдар АҚШ шекара қызметінің қолына беріліп, өз елінде жыныстық ориентациясы үшін қудалауға ұшырағанын айтып, саяси баспана сұрайды. Кейде адамдар айлар бойы шекарада отырады. Саяси баспанаға қол жеткізе алмаған қаншама адам еліне қайта оралды. Өйткені кейінгі кезде Америкадан саяси баспана алу қиындады. Мексикада із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Көбі осындай жолмен АҚШ-қа жету үшін мыңдаған доллар ақша жұмсайды. Мексикада бірнеше өзбек азаматы жалған ресейлік төлқұжатпен ұсталған, – дейді Валерий Никифоров.

АҚШ Мексика шекарасындағы мигранттар керуені. 6 қараша 2021 жыл
АҚШ Мексика шекарасындағы мигранттар керуені. 6 қараша 2021 жыл

Екі жыл бұрын ресейлік төлқұжаты бар 14 азаматты Мексиканың Канкун қаласына кіргізбеген. Кейінірек олардың Ресей төлқұжатын алған өзбектер екені анықталған. Көші-қон қызметі ұсталғандар туристерге ұқсамайтынын, олардың кейбірінің төлқұжаты жалған болып шыққанын айтқан.

Стамбулда тұратын Азиз есімді өзбек азаматы кейінгі кездері өзбекстандықтардың көбі Мексикаға Түркия арқылы ұша бастағанын айтады. Азиздің осы жолмен АҚШ-қа кеткен үш танысы шекарадан өте алмай, Түркияға қайта оралған.

– Олар үш ай бойы шекарада, санитарлық талаптар сақталмаған жерде өмір сүрді. АҚШ-қа кіргізбеген соң Түркияға оралды. Америкадан саяси баспана сұрау үшін салмақты себеп керек. Кей адамдар жеке басының пайдасын көздеп, делдал болып, "құжат жасатып беремін" деп, мигранттарды босқа үміттендіріп қояды. Таныстарым осындай адамдарға сеніп, бес мың доллар төлеген. Ұшаққа билет сатып алған. Адамдар делдалдардың алдауына түсіп, өз өміріне қауіп төндіріп жатыр, – дейді Азиз.

АҚШ-та тұратын зерттеуші Бахадыр Файздың айтуынша, кейінгі кездері Мексика арқылы Америкаға көш түзегендер қатарында Орталық Азия азаматтары көп кездеседі.

– Бұрын Орталық және Оңтүстік Америкадан келген мигранттар Мексика арқылы АҚШ-қа жетуге тырысатын. Қазір оларға Ауғанстан, Иран және Орталық Азияның азаматтары қосылды. Түркияда заңсыз мигранттарды шекара асыру жолдары бұрыннан бар. Кемелер Қара теңізі, Эгей теңізі және Жерорта теңіздері арқылы заңсыз мигранттарды шетелге тасымалдайды. Бұл мәселе әлдеқашан үлкен кәсіпке айналып үлгерген. Қазір Мексика мен Түркияда заңсыз миграция ағынын бақылау азайған, – дейді сарапшы.

Бір қызығы, АҚШ кеден-шекара қызметінде өзбекстандықтар туралы статистикалық деректер аз кездеседі. Видеоблогер Валерий Никифоров мұны Мексикаға барған өзбек азаматтарының көбінде Ресей төлқұжатының болуымен түсіндіреді.

– Өзбек азаматтары Ресейдің төлқұжатымен Мексика арқылы АҚШ-қа жетуге тырысады. Өйткені Ресей азаматтарына Мексикаға кіру оңай. Осы себептен АҚШ кеден-шекара қызметінің есебінде ресейліктер туралы статистика бар, – дейді ол.

Чикагодағы "Өзбекстандықтар қоғамы" ұйымының белсендісі Фахриддин Жонибек АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттардың қатарында өзбек азаматтары көп екенін айтады.

– АҚШ-та 11 миллионнан астам заңсыз мигрант бар. Өзбек азаматтарының көбі Америкаға визамен келіп, заңсыз қалып қойған. Сондықтан АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігі өзбекстандықтарға виза беру процесін қиындатып жіберді. Осыдан соң адамдар АҚШ-қа заңсыз жолмен келуге тырысады. Америкада заңсыз өзбек мигранттары көп, олар жақсы жұмысқа орналасып, ел қатарлы еңбек ете алмайды. Ұсталса, кез келген сәтте депортациялануы мүмкін. АҚШ-қа грин-картамен көшкен дұрыс, – дейді ол.

Бұрын өзбек азаматтарына 4 жылға дейінгі мерзімге көпреттік америкалық виза берілетін. Қазір бұл визаның мерзімі бір жылға дейін қысқарды. Пандемия басталмай тұрып, 2019 жылы уақытша туристік немесе қызметтік виза сұраған өзбекстандықтардың 70 пайызының өтініші қанағаттандырылмаған. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғарғы көрсеткіш.

АҚШ мемлекеттік департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл сайын жарты миллионға жуық өзбек азаматы Green Card лотереясына қатысады. 2018 жылы бұдан төрт есе жоғары көрсеткіш тіркеліп, Америкада өмір сүруге жолдама сыйлайтын лотереяда 2 миллион 114 мың өзбек азаматы бақ сынаған.

АҚШ халық санағы бюросының дерегінше, Америкада 62 мыңнан астам өзбек тұрады. Олардың 2 мыңға жуығы АҚШ азаматтығын алған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элиза Кененбаеваның мақаласы мен Өзбек қызметінің журналисі Хурмат Бабаджановтың мақаласы ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG