Байқоңыр маңындағы Төретам ауылында үш қыздың "жарақаттануына кінәлі" 9 адам ұсталды. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
"Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде сегіз күдікті анықталып, ұсталды. Одан бөлек, кешенді жедел-іздеу шарасы барысында қару қолданған негізгі күдікті ұсталды. Ол кінәсін мойындады" делінген Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полиция негізгі күдіктіден қару тәркілеген. Күдіктілердің барлығы изоляторға қамалған, арнайы сараптамалар тағайындалған. Тергеу жалғасып жатыр.
Ақпаратқа қарағанда, 15 желтоқсанда Қызылорда облысының Төретам ауылында жастар төбелесіп, соңы атысқа ұласқан. Сол маңда аялдамада автобус күтіп тұрған үш оқушы қыз жарақаттанған. Полицияның айтуынша, олар дер кезінде ауруханаға жеткізілген. Біреуі медициналық көмек алғаннан кейін үйіне жіберілген. Екеуінің жағдайы тұрақты.
Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі ("Қылмысқа оқталу") және 99-бап 3-бөлігі бойынша ("Адам өлтіру") сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ПІКІРЛЕР