Accessibility links

Ресей СІМ АҚШ және НАТО-ға ұсынған қауіпсіздік кепілдігі жөнінде құжаттың жобасын жариялады


Ресей СІМ-нің Мәскеудегі ғимараты.
Ресей СІМ-нің Мәскеудегі ғимараты.

Ресей СІМ Ресейдің АҚШ және НАТО-ға ұсынған қауіпсіздік кепілдігі жөнінде құжаттың жобасын жариялады.

Ресей АҚШ пен НАТО-ның Солтүстікатлантикалық одаққа жаңа елдерді қабылдамай, Совет одағы құрамында болған елдерде әскери база салмау жөнінде уәдесін алғысы келеді. АҚШ пен НАТО Ресейдің блок әрекетін шектеуге құқығы жоғын айтады, бірақ түпкілікті жауабын келесі аптада береді. Еуроодақ өзге мемлекеттер сыртқы саясатын өздері анықтауы тиіс, НАТО-ға қосылу-қосылмау мәселесін де өздері шешуі тиіс дегенді меңзеді.

Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты қауіпсіздік кепілдігі мәселесін Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін де қозғаған. Мәскеу Украинамен шекарасында әскерін көбейткен. Батыс елдері мен Киев Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деп алаңдайды.

Путиннің пікірінше, Батыс елдері Украинаның қарулы күштерін нығайту арқылы Ресейге қауіп төндіріп отыр. Ресей 2014 жылы Қырымды басып алып, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдаған. Мұнда әлі күнге дейін қарулы қақтығыс тоқтамады.

АҚШ-қа ұсынылған жобада АҚШ Солтүстікатлантикалық ұйымның шығыс бағытта кеңеюіне жол бермеуі тиіс, бұрын Совет одағы құрамында болған мемлекеттерді блокқа қосудан, сонымен бірге бұрын Совет одағы құрамында болған, НАТО-ға кірмеген елдер аумағында әскери база салмауы тиіс, олардың инфрақұрылымын әскери мақсатқа пайдаланбауы керек, олармен екіжақты әскери ынтымақтастықты нығайтпауы тиіс деп жазылған.

Жобадағы міндеттемелердің басым бөлігі АҚШ-қа қатысты. Ал Ресейдің міндеттемелері жөнінде айтылмаған.

НАТО-мен келісім жобасында да Солтүстікатлантикалық одаққа мүше елдердің НАТО ауқымын ұлғайтпау, оның ішінде Украина және өзге елдерді одаққа қосуға жол бермеу міндеттемесі айтылған. Украина мен Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінде шекараға жақын жерде ірі әскери жаттығу өткізбеу қажеттігі көрсетілген.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг жұма күні Ресей құжаттарын алғанын хабарлады. Столтенберг аталған ұсыныстар бойынша Мәскеумен жұмыс істеу шарттарын атады. Өзара сенім қалыптастыру қажеттігін де атап өтті.

Ақ үй жетекшісі Джен Псакидің айтуынша, АҚШ Ресей бастамасын қарастырып жатыр және оны Еуропадағы одақтастарымен талқылайды.

Bloomberg мәліметінше, Вашингтон Мәскеудің қауіпсіздік кепілдігі жөнінде ұсыныстарына келесі аптада жауап береді.

НАТО өкілі РБК агенттігіне одақ Ресеймен мазмұнды диалогқа дайын деп мәлімдеді.

Ал Еуроодақ Ресей өзге елдерге сыртқы саясатын өзі жүргізуіне мүмкіндік беріп, таңдау жасау құқығын құрметтеуі тиіс деді.

Бұған дейін АҚШ әкімшілігі мен НАТО басшылығы Ресейдің Солтүстікатлантикалық одаққа жаңа елдерді қосуға вето қоюына құқығы жоқ деп мәлімдеген.

2008 жылы НАТО-ға мүше елдер Украина мен Грузияны одаққа шақыру туралы шешім қабылдағандықтарын мәлімдеген. Аталған елдерге ресми түрде шақыру келіп түскен жоқ, алайда НАТО одақ есігі ашық екенін айтып, Киев пен Тбилисиді қажетті реформа жүргізуге шақырған. Батыс елдері Украинаға қарулы күштерін нығайтуға көмектесіп жатыр, ал АҚШ Киевке қару-жарақ пен оқ-дәріні жеткізген. НАТО Украинамен ынтымақтастық Ресейге қарсы бағытталмағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG