Accessibility links

Ресейде сотталған Қазақстан азаматы Филинков түрмедегі жағдайға шағымданды


Виктор Филинков (сол жақта) және Юлий Бояршинов сот залында (Архивтен алынған сурет).
Виктор Филинков (сол жақта) және Юлий Бояршинов сот залында (Архивтен алынған сурет).

Ресейде "Желілер ісі" бойынша сотталған Қазақстан азаматы Виктор Филинков түрме жағдайына шағымданды. Оның жалғыз адамдық камерада отырғанына төрт айдан асқан.

Филинков бұл жөнінде Орынбордағы сот отырысында үзіліс кезінде хабарлады. Сотта оның колония әкімшілігіне түсірген шағымы қаралып жатыр. Филинковтың сөзін Rupression телеграм-арнасы жариялады.

Сотталушының сөзіне қарағанда, оның хат жазуына немесе кітап оқуына бір сағат қана уақыт беріледі. Бұл жеткіліксіз.

Қыркүйек айында Филинков төртінші рет айыппұл изоляторына жіберілген. Адвокаты Евгений Кулакованың айтуынша, оны "болмашы себеппен" жазаға тартқан.

Былтыр Санкт-Петербург соты "террористік қауымдастыққа қатысы бар" деген айыппен 26 жастағы Виктор Филинковті жеті жылға бас бостандығынан айырған. Оны жалпы режимдегі колонияға жіберген. "Желілер ісі" бойынша тағы жеті адам 6 және 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

"Медиазонаның" жазуынша, Филинков 2017 жылы алғашқылардың бірі болып Ресейдің күштік құрылымдары азаптады деп шағымданған. Өзінің айтуынша, оны сол кезде ФСБ қызметкерлері әуежайдан ұстап алып, орманға апарып, электрошокермен ұзақ уақыт қинаған. "Жасамаған істі жасады деп мойындатқан".

Оны биыл тамыз айында Орынбордағы ИК-1 түрмесіне этаппен жеткізген. Ақпаратқа қарағанда, оны "киім кию ережесін бұзғаны үшін", "түрме қызметкерімен амандаспағаны үшін" айыппұл камерасына жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG