Accessibility links

Gulagu.net Красноярск түрмелеріндегі азаптау жайлы видеолар жариялады


Gulagu.net видеосындағы кадрлар.
Gulagu.net видеосындағы кадрлар.

Gulagu.net құқық қорғау жобасы Красноярскідегі № 1 облыстық туберкулез ауруханасының "пресс-хатасынан" (тұтқындарды азаптайтын арнайы орын) түсірілген жаңа видеолар жариялады. Бұл жөнінде "Север.Реалии" жобасы хабарлады.

Бұл Федералдық қауіпсіздік қызметі мен Қылмыстық жазаны орындау федералдық қызметінің (ФСИН) құпия архивінен алынған алғашқы видеолар. Материалдарды Gulagu.net өкілдеріне тапсырған информатор бұған дейін Ресейден кеткен.

Видеода ФСИН қызметкерлерінің екі тұтқынға үшінші тұтқынды ұрып-соғып, "ар-намысын қорлауға" бұйрық беріп тұрғаны көрінеді. Артынша оларға тағы бір жас жігітті әкеледі. Тұтқындар қызметкерлердің талаптарын орындайды.

Gulagu.net жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкиннің сөзіне қарағанда, тұтқындардың бірі оқиға камераға жөнді түспес үшін матрасты әдейі көтеріп қойған. Оның сөзіне қарағанда, бөлмедегі жарықты да әдейі күңгірт етіп қойған. Колония қызметкерлері камераға кіргенмен ондағы жайттарды тоқтатуға тырыспайды.

Жарты сағаттық видеода тұтқынның терезеден секіріп кеткені де көрінеді. Құқық қорғаушылар мұның суицид емес екенін айтады. "Бұл бізде бар дүниелердің бір пайызына да жетпейді" деді жоба авторы.

Gulagu.net жобасы қазан айының басынан бері колониядағы азаптаулар жайлы видеолар жариялай бастаған. Құқық қорғаушылардың сөзіне қарағанда, олардың қолына 40 гигабайттық видео, фото, құжат түскен. Онда ФСИН қызметкерлерінің азаптауға қатысы бары көрінеді.

Желтоқсанда Gulagu.net өздеріне тағы 200 гигабайттық видео түскенін хабарлады. Оны жоба авторларына ФСИН-нің құпия бөлімінің бұрынғы қызметкері тапсырған. Ол Ресейден кетіп қалған.

Тергеу комитеті видеолар жарияланғаннан кейін жыныстық сипатта күш көрсету және қызметтік өкілетін асыру баптары бойынша 12 қылмыстық іс қозғады. Кейін Ресей президенті Владимир Путин ФСИН басшысы Александр Калашниковты отставкаға жіберді.

20 желтоқсанда мемлекеттік дума азаптауға қатысы бар ФСИН қызметкерлеріне жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG