Accessibility links

Министр АЭС салу жөнінде: Халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз, қай жерде салынатыны белгісіз


Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты.

– Қазіргі таңда халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз. Қай жерде салынатыны әлі белгісіз. Ол үшін тиісті жер телімдерін анықтауымыз керек. Алайда айта кететін маңызды нәрсе біз 2035 жылға дейін өндірілетін және тұтынатын энергия балансын жасадық. Сол кезде АСЭ салу мәселесі өте керек деп қарастырылды. Неге десеңіз, оған ірі альтернатива жоқ. Қазір әлемде көмір станциялары салынбайды. Оған халықаралық қаржы да бөлінбейді. Оған балама ретінде қайта қалпына келетін энергия көздерін қарастыруға болады. Бірақ ол 24 сағат энергия бере алмайды. Үшінші альтернатива – бұл су. Елдегі су жағдайын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Біз гидроэнергияны Қазақстанның оңтүстігі мен шығыс өңірлерінде ғана дамыта аламыз. Сонымен қатар газды балама ретінде қарастыруға болады, алайда бізде ілеспе газ, – деді министр.

Кейінгі кезде билік АЭС мәселесін қайта жиі айта бастады. Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін елде атом электр станциясы (АЭС) салынады, электр энергиясын тасымалдау жөнінде Қытаймен келіссөз жүріп жатыр деп мәлімдеген. Бірінші президент сонымен бірге Қазақстанда АЭС салуға Ресейдің қатты қызығып отырғанын алға тартқан.

Қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.

Қазақстан қоғамында АЭС жөнінде қайшы пікірлер көп. Кей мамандар қоршаған ортаға зор әсері бар осындай маңызды ірі жобада билік референдум ұйымдастыру қажеттігін алға тартады. 22 желтоқсан күнгі ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген министр Мағұм Мырзағалиев "референдум мәселесіне мен жауапты емеспін" дегенді меңзеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG