Accessibility links

Ақтау соты екі азаматтық белсендінің бас бостандығын шектеді


20-21 желтоқсанда Ақтау қалалық соты "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталған азаматтық белсенділер Абзал Қаналиев пен Айжан Исмакованың бас бостандығын бір жылға шектеді. Бұған қоса, оларға 2-2,5 жырым жылға дейін әлеуметтік желіде пікір жазуға, қоғамдық шараларға қатысуға тыйым салынды.

Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Айгүл Айжарықова мәлімдеді. Оның сөзінше, Қаналиевке "Бұзақылық" (Қылмыстық кодекстің 293-бабы) және "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (405-бабының 2-тармағы) баптары бойынша екі іс қозғалып, кейін екеуі біріктірілген.

– Сот Қаналиевтің ісіне ешқандай құқықтық баға бермеді. "Бұзақылық" бабы бойынша қозғалған істің оқиғасы анық арандатушылық. Кешке қарай достарымен қыдырып жүрген Абзалды өтіп бара жатқан біреу қағып кетіп, телефонын түсіріп алады. Кейін Қаналиевті оны ұрды деп айыптады, куәгерлер де пайда болды. Ал 405-бап бойынша дәлел ретінде оның Faceebook'тегі постары алынған, - дейді адвокат.

Оның айтуынша, "қылмыстық істе сәйкессіздіктер тым көп", мысалы Қаналиевтің жазбаларына сараптама қазан айында жасалса, іс қарашада қозғалған. Адвокат сотта өзі келтірген дәлелдер ескерілмегенін атап өтеді.

Қаналиевтің сотына қатысқан прокурор Перизат Қонысбаева оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жылға дейін қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салуды сұраған.

Абзал Қаналиевтің сотта Faceebook желісіндегі посттардың авторы өзі екенін, бірақ онда экстремистік сарынның бар екендігімен келіспегенін айтты.

Айжарықова мәлімдегендей, 20 желтоқсанда тағы бір ақтаулық белсенді Айжан Исмаковаға да сот дәл осындай шешім шығарған.

– Сот Исмакованы "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деп бас бостандығын бір жылға шектеп, екі жарым жылға қоғамдық жұмыспен айналысып, посттар жазуға тыйым салды. Ол бір жыл бұрын белсенділікпен айналыспайтынын мәлімдеген. Сот Қылмыстық кодекстің 405-бабының соңындағы "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысуды өз еркiмен тоқтатқан адам, егер оның әрекеттерiнде қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады" деген ескертуді орындамады, - дейді авдокат.

Прокурор Винур Аппазов Айжан Исмакованы 1,5 жылға бас бостандығынан айырып, 2000 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салуды сұраған.

32 жастағы ақтаулық белсенді Абзал Қаналиев 405-баппен күдікке ілініп, былтыр қараша айында үйқамаққа алынды, кейін "әлеуметтік желідегі жазбасы үшін" ақпан айының соңында он күнге қамауға алынған. Ол әлеуметтік желілер арқылы видео-челлендждер жасап, "саяси тұтқындардың" отбасына көмек беру акцияларына, пикеттерге қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған.

29 жастағы Айжан Исмакова 2020 жылы 10 қазанда басқа да белсенділер Шолпан Жанұзақова, Ұлболсын Тұрдиевамен бірге биліктің отставкаға кетуін, саяси реформа жүргізілуін талап етіп алаңға шыққан соң әкімшілік жазаға тартылған. Сот оған "бейбіт жиын өткізу заңын бұзды" (488-бап) деген айып тағып, 83 мың теңге айыппұл салған.

Қазақстанда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (405-бап) бабы бойынша айыпталған азаматтар көп. Бұл айыптар Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйымдар" деп таныған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше қозғалысымен" байланысты. Қазір белсенділердің кейбірі түрмеде, кейбірінің бостандығы шектелген. Оларға саяси-қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынған. Құқық қорғаушылар олардың көбінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, "саяси тұтқын" деп таныған.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG