Accessibility links

Астанада мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйел әкімдік алдында пикет өткізді

Белсенді Ақмарал Біләлова қызымен бірге қала әкімдігі алдында пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 желтоқсан 2021 жыл.
Белсенді Ақмарал Біләлова қызымен бірге қала әкімдігі алдында пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 желтоқсан 2021 жыл.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ақмарал Біләлова 22 желтоқсанда қала әкімдігінің алдына пикетке шығып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Қала билігі әйелдің талабынан соң оған кешке қарай пәтер ақысын төлеу үшін 200 мың теңге берді.

Ақмарал Біләлова қолына "Біз өмір сүргіміз келеді! Біздің құқымызды шектемеңіз!" деген орыс тілінде жазылған плакат ұстап шықты. Ол қасына 16 жастағы арбаға таңылған қызын ертіп алған.

Ақмарал Біләлованың Азаттыққа айтуынша, ол 15 жылдан бері мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы ретінде пәтер кезегінде тұр. Кезегін күтіп шаршағанын айтқан ол "соңғы үш жылдан бері әкімдік пен тұрғын үй қорының табалдырығын тоздырып, заңды баспасын талап етіп келемін" дейді. Билік биыл қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының шеткері Көктал шағын ауданынан үш бөлмелі пәтер берілетінін және ол дайын болғанша оны салып жатқан құрылыс компаниясын Біләлова жалдап жатқан пәтер құнын төлеуге міндеттеген.

– Екі жыл бойына 100 мың теңгеден пәтер жалдап келдім. Қыркүйекте қожайын өзі тұратынын айтты. Пәтер бағасы да қымбаттады, қазір бір бөлмелі пәтерді 150 мыңға, екі бөлмелі пәтерді 200 мың және одан жоғары теңгеге жалға аласың. Ондай ақшаны таба алмаймын. Әкімдік айтқан пәтер де дайын болатын түрі жоқ. Құрылыс компаниясы маған қыркүйектен бері пәтер ақыны төлеп келді. Ал бүгін желтоқсан айы үшін ақыны төлейтін соңғы күн. Оны төлемесем үш баламмен далада қаламын. Сол себепті осы жерге келуге мәжбүр болдым. Өзіммен бірге уксус та ала келіп тұрмын. Егер кешке дейін мәселе шешілмесе оны ішемін. Оларға құрбандық керек болса мен-ақ болайын,- деді ашына сөйлеген Біләлова.

Оған әкімдіктің азаматтар арызымен жұмыс жасау бөлімінің Әли Жолайыр мен Айбын Айдынұлы есімді қызметкерлері келіп әкімінің кеңесшісімен кездесуді ұсынып, наразы әйелді кеңсе ішіне алып кетті.

Кейін Азаттыққа хабарласқан Ақмарал Біләлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің кеңесшісі Қуаныш Молдабектің өзіне кешке дейін күтуді, пәтер ақысының төленетін айтқанын мәлімдеді.

- Әкімдік демеуші тауып маған 200 мың теңге төледі. Мен оны енді пәтер ақыма жұмсаймын. Ал құрылыс компаниясы бұдан әрі менің пәтер ақымды төлей алмайтынын айтты. Бұл мәселе келесі айда қалай шешіледі әзірге белгісіз, - деді ол.

40 жастағы Ақмарал Біләлованың жұбайы Болатбек Біләлов 10 желтоқсаннан бері "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп (488-бап, 7-бөлігі) деген айыппен 15 күнге қамауда жатыр.

Нұр-Сұлтанда мүгедектігі бар адамдар баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді талап еткен наразылық акциясын былтырдан бері өткізіп келеді. 2020 жылы 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алдында он шақты ата-ана қоларба акциясын өткізіп, биліктің назарын өздерінің баспана мәселесіне аудартқысы келген.

Ал биыл наурыз айында мүгедек баласы бар әйелдер бір апта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде қонып, баспана мәселесін шешуді талап еткен. Осы талаппен биылғы қыркүйекте де бірнеше мәрте наразылық акциясын өткізген. Олар маусымның ортасында астанада БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігіне барып, мүгедектердің құқығын қорғау жөнінде петиция да тапсырған. Билікті "қыруар қаржыны әртүрлі имидждік іс-шараларға жұмсап, ал мүгедек адамдардың әлеуметтік құқықтарын шешуге келгенде "үнемшіл бола қалады" деп мемлекет саясатын сынаған.

XS
SM
MD
LG