Accessibility links

Хакасияда ұсталған Қазақстан азаматы: Адвокатпен хабарластырмай, сотқа апарды


Ресейдегі түркі халықтарының өмірі жайлы фильм түсірмек болған Стамбул университетінің магистранты, Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетай Ресейдің Хакасия аймағында жүр. 2021 жыл.
Ресейдегі түркі халықтарының өмірі жайлы фильм түсірмек болған Стамбул университетінің магистранты, Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетай Ресейдің Хакасия аймағында жүр. 2021 жыл.

Ресейдің Хакасия аймағында ұсталған Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетай өзін адвокатымен байланыстырмай, алты күн бұрын соттап жібергенін айтты. Бұл ақпаратты адвокаты да растады. Қорғау тарабы депортация туралы шешімге шағым түсірмек.

Стамбул университетінің магистранты, Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетайдың түркі халықтары жайлы фильм түсіру үшін Ресейдің Хакасия аймағына барып, сол жақта ұсталғаны туралы ақпарат бір күн бұрын тараған. Онымен бірге түрік басылымының операторы Эмин Карачак та ұсталған. Ресей жағы оларды журналист бола тұра аккредитациясыз жұмыс істеді деп айыптап, депортация туралы шешім шығарған. Жауапкерлер мұнымен келіспейді. Журналистердің заттары кәмпескеленіп, түсірген барлық материалдары жойылған. Қазір екеуі Абакандағы уақытша қамау орнында отыр, жақын арада депортацияланады.

"Апыр-топыр, не болып жатқанын айтпай, телефондарды әдейі бермей, адвокатқа байланысқа рұқсат бермей, сотқа апарды. Судья Зарубин бізді тыңдамай формальный сот өткізіп, депортация туралы шешім шығарды" деді тергеу изоляторынан мессенжер арқылы Азаттық тілшісіне жауап берген Назгүл Кенжетай.

Оның адвокаты Айаз Тюньдешев қорғау тарабында олардың ұсталуына қатысты сұрақ көп дейді.

"Біздің ойымызша, оларды мүлде заңсыз ұстаған, себебі бірінші кезекте оларға адвокатты жібермеген. Телефондарын тартып алған. Оларға қай жерде отырғандықтарын айтпаған. Олар маған сотта отырмыз деп хабарлаған кезде мен тіпті қай сотқа барарын білмедім" дейді адвокат. Қорғау тарабы депортация туралы шешімді апелляцияға бермекші.

Ал Назгүл Кенжетайдың ағасы ғалым Досай Кенжетай Қазақстанның Ресейдегі консулдығы изолятордағы Назгүл Кенжетаймен кездесіп шыққанын айтты. "Олар бәрі жақсы болады деп отыр" деді ол.

Досай Кенжетай алғашында Ресей ФСБ-нан қарындасы туралы ақпарат сұраған кезде "хабары жоғын" айтқанмен кейін растаған. Оның айтуынша, магистратурада оқитын Назгүл Кенжетайдың дипломдық тақырыбы – құрып бара жатқан аз түркі халықтарының болмысы туралы зерттеу. Назгүл Эминмен бірге бұған дейін Якутияға барып, видео түсірген. Ақпаратқа қарағанда, ол жерде де екі тілші "Ресейге кіру ережесін бұзды" деген айыппен айыппұл алған.

Түріктің мемлекеттік агенттігінің жазуынша, Ресей ақпарат құралдары "Кенжетай мен Карачак тыңшылықпен айналысып, Ресейге қарсы үгіт-насихат жүргізді, түркі халықтары Ресейде нашар жағдайда өмір сүріп жатыр деп көрсеткісі келеді және исламды таратып жүр" деп негізсіз айыптап, ақпарат таратқан. Алайда Хакасиядағы түркілер "түрік журналистерінің қиын жағдайда қамауда отырғанын көріп, оларға тамақ пен су апарып жатыр" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG