Нұр-Сұлтанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп (488-бап, 7-бөлігі) айыпталып, 15 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Болатбек Біләлов 24 желтоқсанда күндіз әкімшілік қамаудан босап шықты.
Сот қаулысына сай, ол Нұр-Сұлтандағы арнайы қабылдау орталығынан сағат 16.30-да шығуы тиіс еді, бірақ оны сағат 13-те қолына анықтама беріп, шығарып салған. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Болатбек Біләлов ерте босатудың себебін алдан көп адам шығып, айқай-шу болмас үшін биліктің алдын ала ойластырған амал-әрекеті деп санайды.
Болатбек Біләловтің өзі сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенін, 15 желтоқсанда қаралып, өзгеріссіз қалғанын айтады. Азаматтық белсенді әрі қарай шағымданып, өзінің заңсыз ұсталуына байланысты БҰҰ-ға шағым түсіретінін айтты.
10 желтоқсанда белсендіге сот үкімі оқылып жатқан кезде оның айқайлап көмек сұрағаны жөнінде видео әлеуметтік желіде тараған еді. Кейін әйелі оны «соққыға жыққан болуы мүмкін» деп болжаған. Болатбек Біләловтің айтуынша, полиция қызметкерлері сол сәтте оған қол көтермеген, бірақ телефонын тартып алып, күш көрсеткен.
– Көшеде кетіп бара жатқан жерімнен ұстап әкеткен кезде күш қолданды, қолымды бұрап, тұншықтырып, машинаға итеріп отырғызды. Содан соң Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінде әкімшілік сот болып жатқан кезде бірнеше адам жабылып, телефонымды тартып алды. Күш көрсетті. Түрмеде отырған кезде полиция қызметкерлерінің бұл әрекеттеріне 12 желтоқсанда арыз жаздым, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Болатбек Біләлов арыздарын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің қауіпсіздік қызметіне, прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жолдаған. Ол арыздарының кеткені туралы мөрдің қойылғанын, бірақ әлі жауап алмағанын айтады.
– Мен ол арыздармен енді айналысамын. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінiң қауіпсіздік қызметіне ұстау кезінде күш көрсеткен және телефонымды тартып алған полиция қызметкерелері үстінен екі арыз түсірдім. Мені ұстап алған соң сотқа дейін бір күн бойы темір тордың ар жағына ас-сусыз хайуан құсап қамап қойды. Мұны азаптау деп санаймын және осы туралы да қалалық прокуратура мен ІІМ арыз түсірдім,- дейді ол.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан полициясы белсендінің ұсталуына қатысты түсініктеме бермеген. 24 қарашада да полициядан Азаттық тілшісі жауап ала алмады.
48 жастағы Болатбек Біләлов бұған дейін азаматтық белсенділігі үшін бірнеше рет қамалған. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде мүгедектердің жәрдемақысын көбейтіп, баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, наразылыққа шыққан.
Біләловты соңғы рет 9 желтоқсанда анасының үйінің алдында ұстап әкеткен. Желтоқсан басында Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдына бір топ адаммен барып, үш министр және қала әкіміне жеке санкция салуды талап етіп, петиция тапсырған.