Accessibility links

New York Times: Пентагон Украинаға барлау деректерін жібереді


Украина мен Ресей шекарасы. Спутниктен түсірілген сурет.
Украина мен Ресей шекарасы. Спутниктен түсірілген сурет.

АҚШ Қорғаныс министрлігі Украинаға барлау деректерін жіберу жағын қарастырып жатыр, бұл мәліметтер Киевке ықтимал Ресей басқыншылығына шапшаң реакция танытуға көмектеседі. Бұл жөнінде жоғары лауазымды тұлғаларға сүйенген New York Times басылымы жазды. Дереккөз бұл жоспарды президент Джо Байден мақұлдаса, Ресей оған наразы болуы мүмкін деп санайды.

Пентагон баспасөз хатшысы Джон Кирбидің айтуынша, АҚШ Қорғаныс министрлігінің бір топ қызметкері жуырда Украинаға әуе қорғаныс жүйесінің сұранысын бағалауға барған. Оған дейін АҚШ Украинаға танктерді жоятын Javelin зымырандарын жеткізе бастаған, деп жазды "Америка дауысы" сайты.

New York Times жазуынша, Пентагонның Украинамен барлау деректерін бөлісу ұсынысы Киевке өте маңызды. Украина қарулы күштеріне тапсырылады деген деректерден шекарадағы Ресей әскерінің қозғалысын да көруге болады.

Басылымның жазуынша, Байден әкімшілігі де Украина үкіметіне қаншалықты маңызды ақпарат беріп отырғанын сезеді. Америка арнайы қызметі Ресей әскерін шекараға әкелгенге дейін де Киевке көп құжат жіберген.

Осы аптада New York Times АҚШ және Ұлыбритания билігі Украинаға "білдіртпей" Ресей хакерлерінің шабуылына төтеп беретін сарапшыларын жібергенін жазған.

  • АҚШ пен Батыс елдері Ресей Украина аумағына басып кіруге дайындалып жатыр деп болжайды. Америка барлау қызметінің мәліметінше, Украинамен шекарада шамамен 100 мың ресейлік солдат бар.
  • Ресей тарабы мұны жоққа шығарған. Ресей басшысы Владимир Путиннің сөзіне қарағанда, Мәскеу Киевтің НАТО-мен тым жақындасып кетуінен сескеніп, "қорғаныс позициясына" көшкен.
  • Желтоқсан басында Владимир Путин мен Джо Байден келіссөз жүргізіп, Байден Путинге Мәскеу әскери операция бастаса, санкция салатынын ескерткен. Ал Путин НАТО-ға Украинаны одақ құрамына алмау қажеттігін мәлімдеген. НАТО басшылығы Ресейдің Солтүстікатлантикалық одаққа жаңа елді қосуға вето қоюына құқығы жоқ деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG