Accessibility links

Рамзан Қадыровтың қызы "Адам құқығын қорғағаны үшін" медалімен марапатталды


Айшат Қадырова
Айшат Қадырова

Шешенстаннның адам құқығы жөніндегі уәкілі Нурди Нухажиев Рамзан Қадыровтың қызы Айшат Қадырованың "Адам құқығын қорғағаны үшін" медалімен марапатталғанын жариялады. Медаль "азаматтардың мүддесі мен конституциялық құқықтарын қорғауға зор үлес қосқаны үшін" берілген. Бұл жөнінде Шешенстанның адам құқығы жөніндегі уәкілінің апппараты жанынан құрылған қоғамдық комиссия хабарлаған.

Биыл күзде Рамзан Қадыров қызын Шешенстанның мәдениет министрі қызметіне тағайындаған еді. 2020 жылы наурызда оған "Шешенстан Респбликасына сіңірген еңбегі үшін" медалі берілген.

АҚШ мемлекеттік департаменті 2020 жылы жазда Рамзан Қадыровқа санкция салғанда "Шешенстанда адам құқықтарын өрескел бұзуға үлес қосып отыр" деп оның қызы Айшат Қадырованы да санкция тізіміне қосқан.

2017 жылы желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі Шешенстан басшысын "Магнитский тізіміне" енгізіп, "адам құқықтарын бұзды, адамдарды азаптады, сотсыз өлтірді" деп айыптаған.

Бұған дейін Рамзан Қадыровтың анасы Аймани де "ГИБДД қызметіндегі еңбегі үшін" медалімен марапатталған еді. Аймани "Қадыров орденінің" кавалері, "Ұлт мақтанышы" дипломының иегері.

Желтоқсанда Рамзан Қадыров 21 жастағы қызы, Грозный қаласының мектепке дейінгі білім департаментінің бастығы Хадижат Қадырованы "Шешен Республикасына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған.

XS
SM
MD
LG