Ливияның батысында Жерорта теңізі арқылы Еуропаға бағыт алып, жол-жөнекей қайықтары суға батқан 27 мигранттың денесі жағаға шығарылды. Бұл жөнінде Қызыл Жарты ай хабарлады.
Ұйымның хабарлауынша, марқұмдардың денесі 25 желтоқсанда кешке Хомс қаласының екі бөлек ауданынан табылған. Тағы үш мигрант құтқарылған, қалғандары іздестіріліп жатыр.
Мамандар мигранттар жуырда Ливия жағалауында кеме апатқа ұшыраған шақта суға батып кеткен деп болжайды.
Ливия – шамамен он жыл бойы соғыс пен заңсыздықтардан көз ашпай келе жатқан, Еуропаға Жерорта теңізі арқылы өткісі келетін Африка мен Таяу Шығыс елдерінен келген мигранттар тоғысатын Африканың солтүстігіндегі мемлекет. Мұнда контрабандашылар мигранттарды нашар жабдықталған, көп жағдайда резеңке қайықтармен тасымалдайды.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің мәліметінше, биыл Жерорта теңізінде қайықтардың батуынан шамамен 1500 мигрант қаза болған.