Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамай БҰҰ Адам құқығы комитетіне шағым түсіріп, "Нұр Отан" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жайлы фильмді өшіруге міндеттеген Қазақстан сотының шешімін заңсыз деп тануға күш салмақ. 28 желтоқсанда Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде саясаткер сол жөнінде айтты.
Биыл көктемде Жанболат Мамай Алматы қаласының бұрынғы әкімі, "Нұр Отан" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің "жемқорлығы" жөнінде зерттеу фильм жариялаған. Бұдан соң шенеунік белсендіні "ар-намысқа нұқсан келтірді" деп айыптап, сотқа арыз түсірген. Жаз айларында сот шенеуніктің өтінішін орындап, белсендіні фильмді өшіруге міндеттеген. Алайда белсенді одан бас тартқан. Бұған дейін Жанболат Мамай мен әйелі, белсенді Инга Иманбай сот шешімін орындамағаны үшін жазаға тартылған.
Мамайдың айтуынша, олар Қазақстандағы барлық сот инстанцияларынан өткен.
– Қазақстандағы барлық инстанциялардан өттік. Әуезов аудандық сотынан өттік, қалалық соттан өттік. Жоғарғы соттан да қазір өтіп отырмыз. Қазақстанда әділеттің жоқ екенін көріп отырмыз. Енді БҰҰ Адам құқығы комитетіне шағымдануға құқығымыз бар. Алдағы уақытта заңгерлермен ақылдаса отырып, шағым түсіреміз, – деді Жанболат Мамай жиын кезінде.
Зерттеу фильмде автор Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапқан", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берген" және "пара алды" деп айыптаған.
Бауыржан Байбек бұл сөздер "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп фильм авторын сотқа берген.
Қарай отырыңыз: Жанболат Мамай Байбек туралы видеоны өшірмегені үшін жазаланды (Қазан айы, 2021 жыл).