Accessibility links

OCCRP: Александр Лукашенко Жылдың бас жемқоры атанды


Александр Лукашенко.
Александр Лукашенко.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконы "2021 жылдың бас жемқоры" деп атады. Бұл жөнінде ұйымның сайтында жазылған.

Ұйым өкілдері Лукашенконы "Еуропадағы соңғы диктатор" деп атап, "ұйымдасқан қылмысты қолдады" деп таныған. Беларусь басшысы 1167 үміткердің ішінен іріктеліп, "суырылып шыққан".

"Жемқорлық тұрғысынан алғанда биыл ерекше жыл болды, бірақ Лукашенко бәрінен асып түсті" деді OCCRP негізін қалаушылардың бірі, әділқазылар алқасының үйлестірушісі Дрю Салливан.

Ұйым өкілдері хабарламада Лукашенконың "жыл бойғы жетістіктерін" санамалап өткен. Арасында Минскінің белорус оппозиционері Роман Протасевич пен оның жүріп жүрген қызы София Сапега мінген Ryanair ұшағын мәжбүрлеп қондыру операциясы да бар.

Әділқазылар алқасы сонымен бірге Лукашенконың "жетістігі" ретінде "Польшамен шекарадағы мигранттар дағдарысын ушықтырып", "айналасындағы адамдарға, олигархтарға мемлекет қаржысын жұмсаудағы еңбегін" атап өткен. Лукашенко сонымен бірге коронавирус жайлы фейктерді қолдады деп те айыпталды.

Тізімде Беларусь президентінің жанында Ауғанстанның бұрынғы президенті Әшраф Ғани, Сирия басшысы Башар Асад, Түркия президенті Режеп Ердоған, Австрия канцлері Себастьян Курц тұр.

Қорытындыны жемқорлықпен күрес саласында еңбек етіп жүрген алты журналист пен сарапшы жасаған. Олар Лукашенконы қолдап, бір ауыздан дауыс берді.

"67 жастағы Лукашенко сайлау нәтижесін бұрмалап, қарсыластарын азаптап, наразыларды ұрып-соғып, 1993 жылдан бері билікке жармасып келеді – мұның бәрі Кремльдің көмегімен және мақұлдауымен жүзеге асып жатыр" делінген ұйым хабарламасында.

Ұйым өкілдері Әшраф Ғаниды халықты тағдыр тәлкегіне қалдырып, "моральдық азғындауға ұшыраған" бұрынғы шенеуніктер ордасы – БАӘ-ға ұшып кеткен, басшы деген атаққа лайықты емес саясаткер деп таныған.

Асад Сирияда соғыс бастап, билікті уысында ұстап тұру үшін миллиондаған долларды ұрлады деп айыпталды. Ұйым өкілдері Ердоғанды Иран мұнайына ақша құйған қытай ақшасын мемлекеттік банктер арқылы жымқырған жемқор үкіметке жетешілік етті деп кінәлады. Курц Австрияда мемлекет қазынасын бей-берекет шашты және пара алды деп айыпталғаннан кейін саясаттан кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG