Accessibility links

Ақтөбеде даулы шошқа фермасының иесі 1,5 жылға сотталды

Шошқа фермасының қалдықтары көмілген жерде тұрған Бестамақ ауылының адамдары. Ақтөбе, 19 қараша 2020 жыл.
Шошқа фермасының қалдықтары көмілген жерде тұрған Бестамақ ауылының адамдары. Ақтөбе, 19 қараша 2020 жыл.

Ақтөбенің Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының қожайыны Гайк Тертерянның бас бостандығы 1 жыл 6 айға шектелді. Ақтөбе облысы Алға аудандық сотының үкімі күшіне енсе, кәсіпкер алдағы екі жыл аралығында коммерциялық ұйымда жетекшілік қызмет ете алмайды.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, "жерді бүлдірді" деп айыпталған Гайк Тертерянның үкімі 27 желтоқсан күні шыққан. Айыпталушының өзі сот үкіміне қатысты пікір білдірген жоқ. Көмекшісі Григорий Степанюктің сөзінше, кәсіпкер сот үкіміне шағым түсіру, болмаса түсірмеу туралы әлі нақты шешім қабылдамаған.

Тергеу материалдарына қарағанда, Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы "Парижская коммуна" компаниясының жалғыз құрылтайшысы - Гайк Тертерян. Ол 2018-2020 жылдар аралығында экологиялық талаптарды бұзып, ферма маңындағы 5,46 гектар жерді бүлдірген. Сарапшылар экологияға келген залал мөлшерін 14 млн 238 мың теңге деп бағалаған. Ақтөбе соты Гайк Тертерянның өзіне тағылған айыпты мойындамағанын хабарлайды.

- Гайк Тертерян Қылмыстық кодекстегі 332 баптың 1-бөлігімен ("жерді бүлдіру") сотқа тартылды. Сот үкім шығарарда кәсіпкердің жасы 71-де екенін, бұрын сотталмағанын, экологияға келген залалды толық өтегенін ескерді, - делінген соттан жолданған хабарламада.

Үкім шығардан бір күн бұрын Ақтөбе әкімдігі "Парижская коммуна" компаниясының мүлкі алматылық кәсіпкерге сатыла бастағанын хабарлады. Әкімдіктің мәліметінше, сот орындаушылары Ақтөбе экономикалық сотының биыл 13 мамыр күні шығарған шешімін орындауға кіріскен. "24-27 желтоқсан аралығында Бестамақтағы ферманың 792 бас шошқасы сатылды. Бұл жұмыс жалғаса береді" делінген әкімдік хабарламасында.

Осыдан алты ай бұрын Ақтөбенің экономикалық соты "шошқаның ішек-қарны мен өлексесін жерге көміп, табиғатты ластаған" компаниядан мемлекет кірісіне 7 млрд 27 млн, жергілікті бюджет кірісіне 210 млн 823 мың теңге мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарған болатын. Айыпталушы тарап жоғарғы инстанцияларға шағымданғандықтан экономикалық сот шешімі алты ай бойы орындалмаған.

"Парижская коммуна" компаниясының құрылтайшысы Гайк Тертерянның көмекшісі Григорий Степанюк 792 бас шошқаның нарықтағы бағадан анағұрлым арзанға сатылғанына наразы. Степанюктің сөзінше, сот орындаушылары әр шошқаны 30 554 теңгеге бағалаған.

"Әр шошқаның салмағы орта есеппен 130 келі. Нарықта шошқа етінің келісі 800 теңгеден болса, алматылық кәсіпкерге сатылған шошқа етінің әр келісі орта есеппен 300 теңгеден шығып тұр" дейді компания өкілі.

"Парижская коммуна" компаниясы тірі шошқаны "тез бұзылатын мүлік" деп таныған экономикалық сот пен сот орындаушысы Ақтілеу Ерекеновтің үстінен Жоғарғы сотқа шағым түсірген.

- Сот орындаушысы шошқаларды екі рет саудаға шығарып өткізе алмады. Қазақстан заңдарына сәйкес мұндай жағдайда сатылмаған мүлік борышкерде қалып, саудаға өзге мүлік шығарылуы тиіс болатын. Біздіңше, бұл-манипуляция. "Парижская коммуна" компаниясы сотқа шағым түсірді. Жоғарғы сот Ақтөбенің экономикалық соты мен сот орындаушысы Ақтілеу Ерекеновтің әрекетіне құқықтық баға беруі тиіс, - дейді Тертерянның көмекшісі Григорий Степанюк.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ ауылы тұрғындарының шошқа фермасына наразылық білдіріп келе жатқанына биыл қараша айында бір жыл болды. Тұрғындар бірнеше мәрте наразылыққа шығып, ауыл іргесіндегі шошқа фермасының жабылуын талап еткен. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда, күлімсі иіс тарап, үйден шыға алмай қалатынын айтқан.

Шошқаның ішек-қарны, терісі және өлексесі ауыл маңындағы шұңқырларға көміліп жатқанын видеоға түсіріп алған тұрғындар ферма қожайынын жерді, суды ластап жатыр деп айыптаған. Тұрғындар алдында өзін "Бестамақ ауылшаруашылық кешенінің атқарушы директорымын" деп таныстырған Нұрым Құмаров кәсіпорынның экструдері сынып қалып, шошқа өлексесі мен ішек-қарнын ферма іргесіндегі шұңқырларға көміп жатқанын мойындаған.

Шошқа фермасының жабылуын талап еткен алғашқы жиынға Бестамақ ауылынан бөлек, сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген. Бұл ауылдардың бәрі Ақтөбе облысының Алға ауданына қарайды.

XS
SM
MD
LG