Accessibility links

Путин мен Байден телефонмен сөйлесті


АҚШ президенті Джо Байден Делавэр штатындағы үйінде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп отыр. 30 желтоқсан, АҚШ.
АҚШ президенті Джо Байден Делавэр штатындағы үйінде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп отыр. 30 желтоқсан, АҚШ.

30 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джо Байден телефонмен сөйлесті.

Сұхбат 50 минутқа созылды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, әңгіме кезінде Байден Путинді Украина төңірегіндегі ушыққан ахуалды басуға шақырған. АҚШ президенті одақтастары мен әріптестерімен бірге Америка "Украинаға қарсы агрессияға шешімді жауап қайтаратынын" ескерткен. Байден дипломатиялық ерік-жігерді арттырып, Америка–Ресей стратегиялық диалогын жандандыруға, НАТО – Ресей – ЕҚЫҰ шеңберінде кездесуді жалғастыруға шақырған.

Ақ үйдің мәлімдемесінде ушыққан жанжалды бәсеңдеткен жағдайда ғана дипломатиялық диалог болатыны ескертілген. АҚШ президенті әңгіме кезінде екі елдің алдында екі-ақ жол тұрғанын, оның бірі – дипломатия болса, екіншісі – Ресейді санкцияның көмегімен тежеу екенін айтқан. Кремль Украинада әскери қимыл бастаған жағдайда АҚШ әкімшілігі Ресейге экономикалық қысым жасайтынын Байден тағы бір рет еске салған.

Ресейдің АҚШ және НАТО-мен қауіпсіздік жөніндегі кездесуі қарсаңында өткен бұл сұхбатқа Мәскеу өтініш білдірген. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путин санкция АҚШ-тың үлкен қателігі болатынын және оның салдары да ауыр болмағын ескерткен.

Желтоқсан айында Путин мен Байден осымен екінші рет байланысқа шығып отыр. Мұның алдында қос президент видеобайланыс арқылы сөйлескен.

Кремль сайтының хабарлауынша, әңгіменің басты тақырыбы – "Ресейдің қауіпсіздігіне құқықтық кепілдік беру бойынша келіссөздерді бастау жөніндегі 7 желтоқсандағы бейнеконференцияда жасалған уағданың орындалуы мәселесі" болған. Сұхбатта Путин "НАТО-ның шығысқа жылжуын болдырмайтын және Ресей шекарасының дәл іргесінде аса қауіпті қару түрлерін орналастыруға жол бермейтін нақты құқықтық кепілдікті" талап еткен.

Тараптар жақында өтетін Ресей – АҚШ және НАТО кездесуі жайын талқылаған.

"Екі жақ та аталған мәселелер бойынша байсалды да мазмұнды диалогқа ынта танытты. Келіссөздер алдымен 9-10 қаңтарда Женевада, содан соң Ресей – НАТО кеңесі аясында 12 қаңтарда Брюссельде жалғасады деп нақтыланды. 13 қаңтарда ЕҚЫҰ-да дисскуссия басталады. Президенттер тез арада нақты нәтижеге жету үшін аталған келіссөз тректерін, әсіресе екіжақты форматтағы дискуссия барысын жеке бақылауда ұстауға келісті" делінген Кремль сайтында.

Ресей президенті АҚШ Мәскеуге "ауқымды" санкция салса, бұл "Ресей–Америка қарым-қатынасын іс жүзінде толық үзуге алып келуі мүмкін аса үлкен қателік болатынын" айтқан.

Кремль сайтының жазуынша президенттер бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, өзара жақсы тілек айтқан. "Жалпы әңгіме ашық әрі іскер рәуіште өтті және екі тарапқа да пайдалы болғаны анық" деп баға береді kremlin.ru.

Көктемде ақпарат құралдары барлау мәліметтеріне сілтеме жасап, Украинамен шекараға Ресей әскері шоғырланып жатқанын хабарлаған. АҚШ пен Батыс елдері Мәскеу әскери шабуыл жасауға дайындалып жатыр деген болжам жасаған. Кремль мұны жоққа шығарып, АҚШ пен НАТО-дан өз қауіпсіздігіне кепілдік беруді, соның ішінде НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеуді, оның құрамына бұрынғы совет республикаларын қоспауды талап еткен.

Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Даниловтың айтуынша, Киев Ресей жақтан әлі үлкен қауіп көріп тұрған жоқ. Оның болжамы бойынша, Ресейдің толық әскери шабуыл бастауға мүмкіндігі аз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG