Қазақстан Стокгольм арбитражының 500 миллион доллардан астам қаражатты қамтитын шешімін орындауды созбақтап, жосықсыз медиа науқан жүргізуін тоқтатпай отыр. Бұл туралы 30 желтоқсан күні молдовалық кәсіпкер Анатол Статидің компаниясы Ascom Group мәлімдеді.
Апта басында Қазақстан әділет министрлігі "Қазақстан "Стати ісі" бойынша Нидерланд Жоғарғы сотында жеңіске жетті" деп мәлімдеп, жұмсалған шығындар үшін өтемақы талап ететінін хабарлаған.
Ascom Group мұны жоққы шығарып, әділет министрлігі Нидерланд Жоғарғы сотының шешімін қате түсіндіріп отыр деп айыптады. Стати компаниясының сөзінше, бұл жердегі мәселе техникалық сипаттағы аралық шешім төңірегінде жүріп отыр. 2021 жылғы 24 желтоқсанда Нидерланд Жоғарғы соты шешім шығарып, Амстердам округтық соты "Қазақстан Республикасына қарсы істе Нидерланд аумағындағы 544 миллион долларға қатысты арбитраж шешімін орындату мәселесін қарауға құзыретті" деп анықтаған.
"Бұл анықтама Қазақстанның Каспийдегі Қашаған кен орнындағы үлесіне тиесілі 5,2 миллиард долларды бұғаттан шығармайды" дейді Ascom Group.
Молдовалық бизнесмен Стати мен Қазақстан билігі арасындағы сот тартысы он жылға жуықтап қалды. 2013 жылы Стокгольм сауда палатасының жанындағы арбитраж трибуналы Статиге 500 миллион доллардан астам қаражатты жығып берген. Қазақстан мен молдовалық кәсіпкердің бұл дауы Қазақстанның Батыстағы активтерінің бұғатталуына әкелген.
Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салған Анатол Стати мен оның ұлы Габриэль Стати Қазақстанның мемлекеттік органдары өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтқан. Нұр-Сұлтан бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптаған.
Қазақстан әділет министрлігі Статиға қарсы сот дауына қанша ақша жұмсағанын айтпай отыр. Қарсы тараптың айтуынша, Қазақстан сот тартысына 350 миллион доллардан астам қаражат жұмсаған.