Accessibility links

Жаңа жылдың бірінші күні Нұр-Сұлтанда Талдыкөлді қорғау акциясы өтті


Талдыкөлді қорғауға шақыратын акция. Нұр-Сұлтан, 1 қаңтар 2022 жыл.
Талдыкөлді қорғауға шақыратын акция. Нұр-Сұлтан, 1 қаңтар 2022 жыл.

2021 жылдың 1 қаңтарында Нұр-Сұлтан әкімдігінің алдында бір топ суретші мен экобелсенді Талдыкөлді қорғауға шақыратын акция өткізді. Акция кезінде қатысушылар қоқиқаз пішініндегі үрленбелі құтқару белдемшесін ұстап би биледі.

"Artcom Platform" қауымдастығының өкілі Майя Сағым.
"Artcom Platform" қауымдастығының өкілі Майя Сағым.

– Бүгін біз, суретшілер қауымдастығы, жылдың бірінші күні белсенді түрде көміп жатқан Кіші Талдыкөл мәселесені назар аудартайын деп шештік. Қыс келіп, көл қатып қалса, мұзды жарып нығыздау жұмыстарын жүргізіп әлек. Осының бәрі адамдар тойлатып жатқан тұста жүріп отыр. Біз осы мәселеге назар аудартқымыз келеді, – дейді акция қатысушысы, "Artcom Platform" қауымдастығының өкілі Майя Сағым.

Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында мұз қалашығы салынып, 1 қаңтар күні онда балалар сырғанап жатты. Бастапқыда акция сырғанайтын баллондарын ары-бері тасып әлек болып жүрген балалардың қасында өтті. Айналадағы шудан биге арналған музыканың үні естілмеді. Кейін ұйымдастырушылар қалашықтың аумағынан шығып әкімдіктің алдына барып биледі.

– Біз Ninety One тобының "Бәрі біледі" дейтін әніне биледік. Әнде айтылып тұрғандай, Талдыкөл мәселесін бәрі біледі, бірақ ешнәрсе істемейді. Біз қоқиқаз пішініндегі құтқару белдемшелерін ұстап шықтық, өйткені осы қоқиқаздар жаз айында резонанс тудырып, соның арқасында Талдыкөл мәселесі жайлы көп адам біліп қалды. Қазір қыс мезгілінде онда қоқиқаз жоқ, бірақ алда көктем, жаза келе жатыр, ол қоқиқаздар орала ма, оралмай ма, белгісіз, – дейді Майя Сағым.

Талдыкөлді қорғауға шақыратын акция. Нұр-Сұлтан, 1 қаңтар 2022 жыл.
Талдыкөлді қорғауға шақыратын акция. Нұр-Сұлтан, 1 қаңтар 2022 жыл.

Акция қатысушылары Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың Талдыкөлді қорғаумен айналысып жүрген белсенділермен кездескенін, осы мәселеде ашық диалог жүргізгенін қалайды.

– [Қала әкімі] бізбен кездеспейді, біз тек оның түрлі брифингтердегі сөзін ғана естиміз. Көлдің бір бөлігін сақтап қаламыз дейді. Оның бар айтатыны осы. Олар көлдің 20 гектар аумағын алып қалатынын айтады, бірақ 20 гектар деген не ол. Көлдің жалпы аумағы 600 гектар. Қаншалық аз екенін есептей беріңіз. Соның өзінде ол табиғи көл болып қала ма, экожүйесі аман қала – ол жағы белгісіз – деді суретші Майя Сағым.

Суретшінің сөзінше, дәл осындай акция Алматы қаласында да өткен.

Нұр-Сұлтан түбіндегі Талдыкөл көлдер жүйесіндегі көму жұмыстарының басталғанына бірнеше ай болды. Көлдің аумағында тұрғын-үй кешенін салу белгіленген. Экобелсенділер мен қоғамның өзге де белсенділері көлді көму қоршаған ортаға зиян тигізеді, көлді мекендейтін аң-құстардың тіршілігін жояды деп дабыл қағып келеді. Жергілікті билік су объектісін көл емес, ағын су жиналатын "лас су қоймасы" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG